RU

Қуаныш Сұлтанов: Әуежайға Назарбаевтың атын берген соң тарихи әділдік орнады

Астана халықаралық әуежайы бұдан-былай Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды. Басты әуе қақпасына президент атын беру жайлы Үкімет тиісті қаулыны қабылдап үлгерген. Айта кетсек, бұл ұсыныс елімізде соңғы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Ал әділдік орнады деп есептейтін депутаттар бастамаларының ұзаққа созылса да, жүзеге асқанына риза деп хабарлайды КТК арнасы.

Үкіметтің маңызды құжатында Астана әуежайының жаңа атауы тайға таңба басқандай жазылғанмен, әуежайдың өз басында бәрі тып-тыныш. Сол баяғы ағылған жолаушы Астана емес, Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына қонғандарынан бейхабар.

Ғимараттың сыртында да ескі жазба. Дегенмен, әуежай әкімшілігі Үкіметтің ребрендингінен хабардар. Тек, жаңалықты елмен бірге бүгін естігендіктен, қам жасауға әлі кіріспепті.

Ал бұл ұсынысты 8 жыл бұрын алғаш көтергендердің бірі - Дархан Қалетаев. Сенатор аузынан шыққан атаудың іске жарағанына қуанышты.

"Әрбір адам Қазақстанға ұшқан кезде, Назарбаев әуежайына қонған кезде ойы да, пікірі де қалыптасады. Неге десеңіз, Назарбаевты бүкіл әлемде жақсы біледі. Сондықтантан бұл ұғымды, түсінікті шешім деп ойлаймын", - дейді Қалетаев.

Әуежайға ғана емес, Астанаға елбасының атын берейік деп бастама көтерген Қуаныш Сұлтанов та бүгін тарихи әділдік орнады дейді.

"Стамбұлда Ататүріктің әуежайы бар, Нью-Йоркта Кеннедидің Парижде, Шарл де Гольдің әуежайы бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі олардан қандай кем деп айтасыз?", - деп ағынан жарылды мәжіліс депутаты.

Ал, Инвестициялар және даму министрлігі уақыт жоғалтпай әуежайдың жаңа кодының қамына кірісіп кетті. Шешім қабылдау оңай болғанмен, оған әлемдік қауымдастықты көндіру қиынның қиыны болмақ.

Атаумен бірге Целиноград кезінен қалған авиациялық кодты да біржола айырбастап алғысы келетін министрліктің ИАТА-ны көндіруге бар күш-жігерін салары сөзсіз. Бұл істе табандылық керек.

Айта кетсек, Қазақстанда әуежайдан бөлек, президент атындағы халықаралық университет бар. Ал туған күні қарсаңында тосын сый алған Нұрсұлтан Назарбаев өз есімін еліміздің басты әуе қақпасына беруге қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1532408-quanysh-sultanov-auezhaygha-nazarbaevt.html