RU

ШҚО-да пошта қызметкері тұрғындардың бес миллион теңгесін бәске тігіп жіберген

Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауылында тұратын «Қазпошта» қызметкері өз жұмыс орнынан ақша жымқырып, оны букмекерлік кеңсе арқылы ұтысқа тіккен деп хабарлайды Altaynews.kz.

Пошта бөлімінің бастығы мобильді шоттарға ақша аударуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе арқылы жұмыс істеуді үйрену үшін 22 жастағы маманның көмегіне жүгінген. Бастығын үйретумен қатар жас маман пошта шотының логині мен құпия сөзін есіне сақтап қалады.

Бірнеше апта ішінде ол ұялы телефон арқылы 5 миллион теңгені ұтысқа тіккен екен. Бірақ, ойынқұмар жігіттің жолы болмаған сияқты. Соңында 2 миллионға жуық ақшаны әрең тауып, қолда бар қаражатты поштаның шотына қайта аударыпты.

Бастапқыда жігіт ақшаның жетіспеушілігін жүйелік жасақтама ақауларымен түсіндіргенімен, соңында айласы аспай, өтірігі ашылған болатын.

Тағы оқыңыздар: "МузАРТ лайф" жобасында көзге түскен әнші үйінде қасқыр асырап отыр (фото)

Сот ісі басталғанша ол жымқырған ақшасын толығымен өтеді. Сот құқық бұзушыны алаяқтық жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен қоса 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Алайда апелляция алқасы сот шешімін шартты мерзімге өзгертті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1532680-shqo-da-poshta-qyzmetkeri-turghyndardynh.html