Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отардағы оқиға: Әскерге сап-сау күйінде келген сарбаз бір күн ішінде сал болып қалды

Опубликовано:

Биыл көктемде ғана әскерге шақырылған павлодарлық жас сарбаз ойда жоқта адам сенгісіз жағдайға душар болды. Екі қабатты төсектен құлаған бірнеше сарбаздың астында қалған жас жігіттің кеуде омыртқасы сынып, жұлынына ауыр зақым келген деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Павлодарлық Бақберген Қаламұштың айтуынша, ол биылғы жылдың 16 сәуірінде әскер қатарына алынған. Отардағы 82 796 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбазды әкесі соңғы рет 27 мамырда әскери ант қабылдау кезінде көріпті. Неше күннен бері төсек тартып жатқан Бақбергеннің өзі қалайша осы күйге түскенін әлі түсінбей отыр.

«Отарға сайысқа келе жатқан кісілерге жатын орын керек деп бізді сол күні казармада емес, оның алдына тігілген палаткаға жатқызды. Оның бір жақ қабырғасына қарай тақалған екі ярусты темір төсекте асты-үстінде 12, барлығы 24 сарбаз жаттық. Мен кіре беріске жақын бұрышында, астында болдым.

Түнде сол темір төсек үстіндегі адамдарымен бірге бір жақ бұрышына қарай қисайып құлап түсті. Мен ең астында қалдым. Құлаған кезде есімді біліп жаттым. Жанымдағы жігіттер қолымнан ұстап, жастыққа сүйеп отырғызды. Аяғымды көтерейін десем, қимылдата алмай қойдым. Ұйып қалды ма деп ойладым. Өзім жұдырықпен ұрып көрдім, балалар да ұстап көрді, ештеңе сезбедім. Сосын қасымдағыларға: «Аяғым істемей қалды», - дедім. Командирлерім шулап жүрді. Сол арада дәрігерлер келіп, аяғымды басып, ұстап көрді де казармаға кіргізіп, жедел жәрдем шақырды. Олар белімді таңып, Отардың ауруханасына апарды. Одан осы Алматыдағы әскери госпитальға жіберді», - дейді Бақберген Қаламұш.

Ауыр жарақат алған сарбаз бүгінде өздігінен жүруді айтпағанда, аунай да алмайды. Жас сарбаздың әкесінің айтуынша, Бақберген үйде ұлдың үлкені.

"Әскерге дені сау бала бердім. Отанын қорғап, міндетін атқарып келсін деп жібергенмін. Өкінішке қарай, осындай жағдай болды. Бұл бала енді ары қарай әскери қызметке жарамайды, өмір бойына шаруаға жарау деңгейі қалай да төмендейді. Өйткені қазір кіндіктен төмен мүшесінің жаны жоқ.

Қол аяғы сынса ештеңе емес, бел деген жер - ең күрделі жер. Менің айтарым - ұлыма жағдай жасасын.  Бұл бала енді ұзақ жатады. Мен бір кішкентай ауылда, Алматыдан 1500 шақырым жерде тұрамын. Мұны мен ол жаққа жеткізе алмаймын. Себебі дәрігер осы жақтан қарау керек. Ұлым айығып кеткенше жанында болғым келеді", - дейді баласының келешегіне алаңдаған әкесі.

Жарақат алған сарбазға Алматыдағы № 7 қалалық ауруханада нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Амангелдіұлы күрделі ота жасады. 

"Ауыр жарақаттан омыртқасы шығып кетіп, жұлын қысылып қалған. Ота жасап жұлынды босаттық. Енді қалай болатынын уақыт көрсетеді. Сауықтыру, ем шаралары қолға алынып, бақылауда болады. Ары қарай госпитальға ауыстырамыз", - дейді Марат Амангелдіұлы.

Бақбергеннің емдеуші дәрігері Дархан Бауыржанұлының айтуынша,  жұлынның өткізгіштігі толықтай бұзылғандықтан, науқас екі аяғын өз бетімен қозғай алмайды, кіші, үлкен дәретін бақылай алмайды.

"Сынған деңгейден төмен қарай сезімталдығы жоқ. Орнына металлқондырғы орнатылды. Операциядан кейін толық рентген жасадық. Ол жерде барлық конструкциялардың орнында тұрғаны байқалады", - дейді дәрігер сарбаздың қазіргі жағдайы туралы.

Бақберген Қаламұштың әкесі бұл жағдайға 82796 әскери бөлімінің жауапты командирлерін кінәлап отыр.

"Темір төсек қолдан жасалған нәрсе екен. Ол негізі полигонға арналған болуы керек", - деп топшылайды ол.

Бұл отбасының Алматыда бірде-бір танысы жоқ. Сондықтан Жақсылық Қаламұш белгілі заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызының көмегіне жүгінген. Оның айтуынша, қазіргі кезде аталған әскери бөлім қызметкерлері оның асты-үстіне түсіп, қолдан келгенін жасап жүр. Бірақ баласының ауыр жағдайына куә азамат мұның ұзаққа созылмауы мүмкін екенін алға тартады.

"Ел-жұрт өзі көріп отыр ғой, әскерге жіберетін балаларын қатаң тапсырсын, әйтпесе жібермей-ақ қойсын. Мен енді екінші ұлымды жібермеймін деп ойлап отырмын. Бұл істің ақ-қарасын ақырына дейін зерттеймін. Мүмкін ертең мына жүрген азаматтар келмей қалатын шығар. Оған көзім жетіп отырған жоқ", - дейді шарасыз әке.

Қорғаныс министрлігі осы оқиғаға байланысты ресми түсініктеме берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1532716-askerge-sap-sau-attanghan-zhas-zhigit-omy/

pixel