RU

Қорғаныс министрлігі Отарда жарақат алған сарбазға қатысты түсініктеме берді

Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігі Отардағы 82796 бөлімінде мерзімді әскери қызметте болған сарбаздың жарақат алуына қатысты ресми түсініктеме берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы полковник Ж.Әбдінұрдың мәлімдеуінше, қауіпсіздік шараларын бұзғаны үшін 82796 әскери бөлімінің басшылығына тиісті шаралар қабылданған.

"Далалық шығуларға қатысты оқу-жаттығуларды ұйымдастыру мәселелерін пысықтау кезінде 82796 әскери бөлімінің бөлімшесі шатырлы қалашыққа орналастырылған болатын. Нәтижесінде кереует бекітпесінің сынықтарынан қатардағы жауынгер Б. Халамуш жарақат алған.

Қазіргі уақытта әскери қызметшіге қажетті білікті медициналық көмек  көрсетілуде.

Қауіпсіздік шараларын бұзғаны үшін 82796 әскери бөлімінің басшылығына тиісті шаралар қабылданды", - делінген NUR.KZ порталына берген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетейік, павлодарлық сарбаз Бақберген Қаламұш Отардағы 82796 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметте жүріп, ауыр жарақат алды. Салдарынан омыртқасы шығып кетіп, жұлынына зақым келген.

Сарбазға Алматыдағы № 7 қалалық ауруханада ота жасалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1533799-qorghanys-ministrligi-otarda-zharaqat.html