RU

«Хабар» арнасында дәрігерлер туралы жаңа драма

«Хабар» телеарнасы күзгі маусымнан бастап жаңа телехикая көрсетеді.

«Абзал жан» деп аталатын картина адам жанының арашасы – дәрігерлердің өмірін суреттейді.

Сәби күтіп жүрген әйелдердің денсаулығындағы қиындықтар, ана мен бала өмірін сақтап қалудағы жанкештілік баяндалатын телехикая украиналық «Женский доктор» фильмінің қазақша нұсқасы деуге болады.

Оқиға желісі Абзал Смағұлов деген басты кейіпкердің төңірегінде құрылған.

Ол қаладағы ең үздік ауруханада жұмыс істеп жүреді. Ала йда жеке басындағы қиындықтарға байланысты қызметтен кетіп, кішігірім ауруханаға орналасады.

Өз басындағы ауыртпашылықтарға қарамастан, дәрігер науқастарға бар күшін салып көмектеседі.

Басты кейіпкер Абзалды сомдайтын актер Қажымұқан Қалымбет өзінің образы туралы, «Абзал Смағұлов өзі ісінің маманы, адал жан, қарапайым, бірақ тік мінезді. Шыншыл, кез келген жағдайда ақиқатты қорғауға тырысады. Келген науқастарды әлеуметтік жағдайына бөлмей, барлығына бірдей көмек береді», - дейді.

- Мектеп бітірген соң Асфендияров атындағы медицина университетіне түскен болатынмын. Үш жыл оқып, фельдшерский алған соң, кетіп қалғанмын. Алайда практика сабақтарында ота залына кіріп, дәрігерлерге көмекші болуға рұқсат берілетін. Сонымен қатар 3 курс оқып жүргенде акушерлікті де оқыдық. Сол кезде бірнеше рет әйелдерді босандыруға қатысқаным да бар. Соның барлығы осы жұмыс барысында пайдаға асуда. Сериал барысында ота жасаймыз, шынайы шығу үшін барлығын детально көрсетуге тырысудамыз. Медициналық терминологиялар тіліме оңай түсіп жатыр», - деп ойын жалғастырды актер Қажымұқан Қалымбет.

Сондай-ақ телехикаяда Ақмарал Дайрабаева, Ербол Садырбаев, Қазыбек Аташ және басқа да көптеген актерлер ойнайды. Қоюшы-режиссері Серікбол Өтепбергенов.

Ол қазақстандықтарға «Жас ұлан», «Болашақ», «Жедел жәрдем» сериалдары арқылы жақсы таныс. Түсіру жұмыстары Алматы қаласында жалғасуда.

Көрермендер 32 бөлімдік драманы осы күзде «Хабар» арнасынан тамашалай алады.

*PR құқында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1533823-khabar-arnasynda-darigerler-turaly.html