RU

Шымкентте өртенген мұнай зауытында үш мың тонна безнин жанып кетті

Шымкентте мұнай өңдеу зауыты өртеніп, бір адам қаза тапты. Ажал құшқан 46 жастағы азамат – сол зауыттың жұмысшысы деп жазады rgmedia.kz.

Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, қызыл жалын 200 шаршы метр жерді шарпыған. Салдарынан АИ 92 маркалы 3 мың тонна бензин жанып кетті. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз деп хабарлайды Қазақстан-Шымкент.

Зауыт аумағындағы өрттің тұтанғанына шамамен 5 сағаттай уақыт болды. Осы уақыт ішінде төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қанша күрескенімен, тілсіз жауды тоқтату мүмкін болар емес. Сондықтан олар қазір қызыл жалынды өшіру үшін емес, оттың өзге аймаққа таралып кетпеуімен күресуде.

Негізінде өрт «Шымкент мұнай өнімдері» акционерлік қоғамына қарасты резервуардан шыққан. Оның ішінде 3 мың текше метр жанармай болған. Қызыл жалынның шарпығаны соншалықты, жақын маңдағы қоймаларға да қауіп төндіруде. Еске салсақ, резервуар жанында 9 бензин сақтайтын орын бар.

Өртті оқшаулау уақыты нақты белгіленген жоқ. Себебі қосымша өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. Онымен қажетті су мен көбік жеткізілді..

Бір адамның өмірін жалмап, қыруар шығын келтірген өртті ауыздықтау үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 35 техникасымен 200-ге жуық  маман жұмылдырылған.

Өрт сөндіру кезінде жұмысшылар қауіпсіз аймаққа көшіріліп, сол маңдағы күре жолдағы көлік қозғалысын жергілікті полиция қызметкерлері бақылауға алды. Оқиға орнына тиісті шаралар қарастыру үшін облыс әкімінің орынбасары мен қала әкімі де жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1534236-shymkentte-ortengen-munay-zauytynda-u.html