RU

Бейтаныс қызды жігітінің мылтығынан арашалап қалған полицей үйді болды (фото)

Жігітті ұнатпағаны үшін ажал құша жаздаған бойжеткенді аман алып қалған шымкенттік полицей пәтерлі болды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Шымкент қалалық ІІБ Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкері Тұрар Артықбаев осыдан 8 жыл бұрын адам өлімінің алдын алып, 21 жастағы бойжеткенді құтқарып қалған.

Яғни, жас жігіт ұнатқан аруы қарамай кеткен соң бойжеткенді мылтықпен атып тастамақшы болады. Жас аруды аман алып қалған полицей бұл әрекеті үшін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Ал арада 8 жыл өткен соң оған Шымкент әкімі пәтер сыйлады. Жаңа баспананың кілті Қазақстан полициясы күніне орай Шымкентте өткен мерекелік шара кезінде тапсырылды.

 

Бұдан өзге қала басшысы бірқатар полицейлерді марапаттады. Ал өзі Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай тағайындалған мерекелік медальға ие болды.

«Еңбегіміз бағаланып, осындай марапатқа ие болып отырмын. Әрине, әкім мен басшылық құрамға алғыс айтамын. Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету – біздің борышымыз. Кез келген полицей халық пен заң алдында ант қабылдаған. Демек, қандай қиын жағдай болмасын, тіпті өміріне қауіп төнсе де, еңбегін адал атқаруы тиіс», - деді пәтерлі болған полицей. Айта кетерлігі, баспанаға қол жеткізген тәртіп сақшысы отбасылы, екі қызы бар. Бұған дейін пәтер жалдап тұрып келген оның қуанышында шек жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1534305-beytanys-qyzdy-zhigitininh-myltyghynan.html