RU

15 жасында тұрмысқа шыққан ақтөбелік бойжеткеннің күйеуі Сирияға кетіп қалды

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Ақтөбеде 15 жасында өзінен он жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққан бойжеткен өмірдегі қиындықтарын айтып, ағынан жарылды деп жазады kerek-info.kz.

Аянат Арынбекова (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді-ред.) өзін құпия ұстаған жағдайда тағдыры туралы әңгімелеп беруге келісті.

"Дін жолына 15 жасымда келдім. Бәрі аяқ-асты болды. Ислам жолында жүрген таныс қыздардың бірі "Сенің бұл жүрісің дұрыс емес. Исламға кел" деп маған насихат айтатын. Күнде телефон соғып, шақырып, уағыз айтатын. Үгіт-насихат жүргізетін. Ол кезде мен бала едім. Сондықтан осы дұрыс жол шығар деп ойладым. Исламды қабылдап, хиджап кидім, орамал тақтым.

Тағы оқыңыздар: Ақмола облысында бойжеткен әкімнен сексуалдық зорлық көргенін мәлімдеді

Кейін ол "сенің бұлай жалғыз жүруіңе болмайды. Жалғыздық тек Аллахқа тән. Брат бар, неке қию керек" деді. Сөйтіп, мен өзімнен 10 жас үлкен адамға тұрмысқа шықтым. Мінезім ерке, тентектеу өстім. Үйден қашып кетіп, мешітте неке қидырдым. Бір жылдан соң ана атандым. Содан кейін ата-ананың рұқсатымен заңды түрде некемізді тіркедік", - деп бастады әңгімесін 22 жастағы келіншек.

Алайда 2014 жылы оның күйеуі Сирияға кеткен. Салафизм бағытын ұстанатын жолдасынан сол кеткеннен еш хабар жоқ. Жігіттің өлі-тірісі белгісіз.

"Жолдасым маған бірге тұрған кезде үгіт-насихат жүргізетін. "Сирияға бару керек, онда мұсылман бауырларды өлтіріп жатыр. Көмектесуіміз керек" дейтін. Ата-анамды кәпір қылды, тума-туыстармен қарым-қатынасты үзді. Үйден ұзап, ешқайда шықпайтын едім. Ер адамдармен, тіпті ағаларыммен араластырмайтын. Дәретханаға жалаңаяқ не қолымды жалаңаштап шықсам да, жазалайтын. Үйден айлап шығармайтын еді. Бірақ қол жұмсаған жоқ", - дейді келіншек.

Жолдасы Сирияға кеткеннен кейін теологтар қыздың анасымен хабарласады. Аянатпен сөйлесіп, оның адасып жүргендігін түсіндіреді. Қазір келіншек қара киімін шешіп, қалыпты өмірге қайта оралған.

"Аңсар" ақпараттық талдау орталығына келіп, теологтардың дәрісін тыңдадым. Өзім әкесіз өстім. Сондықтан болар, ер адамдардың жаныма батырып айтқан сөздері қатты әсер етті. Жаның қиналғанда теологтың ер адам екеніне де, әйел екеніне де қарамайды екенсің... Менің дінге келгендегі бар мақсатым таза жүріп, күнә жасамау, намазымды оқып, парызымды орындау еді.

Бірақ, тағдырым солай болды... Жолдасым аяқ асты кетіп қалды. Бізге ештеңе айтпады. Содан кейін өзім де шатасып қалдым. Теологтарға жылап, еңіреп барып, маған дұрыс-бұрысын айтыңыздар дедім. Олар ақ пен қараны ажыратып берді. Адам өлтіріп, жұмаққа түсудің мүмкін еместігін түсіндім. Содан кейін бұрынғы ортаммен араласқан жоқпын, никах (неке-ред.) та қиған жоқпын. Қазір мешітке барып жүрмін. Имамдардан діни білім алып, Әбу Ханифа мазхабымен жүрсем деймін", - дейді келіншек.

Балалықпен теріс ағымның жетегінде кеткен Аянаттың қатар құрбылары мен сіңілілеріне айтары да бар.

"Қазір сіңілілерім намаз оқуға асығып, менен ақыл сұрайды. Мен оларға "Тұра тұршы, ақыл-есіңді жинап ал. Ақ пен қараны ажыратып ал" деймін. Өйткені қазір әр түрлі діни ағым бар. Ислам мінсіз болғанмен, адамдар кемшіліксіз емес. Адамдар өздерінің түсініктерімен ислам дінін қап-қара қылып көрсетеді. Жастарды қатты уайымдаймын. Осы тақырыпты қозғағанда, жүрегім қатты ауырады. Жаным ашиды.

Өзім де жынданып кете жаздадым. Егер жастарда ниет болса, намаз оқығаны дұрыс. Бірақ тек мешіттегі ұстаздардан білім алып, дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабын ұстау керек. Ана брат, мына сестра айтты деген дұрыс емес. Ол тікелей адасушыға апарады. Қазір жылап, еңіреп жүрген қыздар көп.

Тағы оқыңыздар: Артық салмақ тастауда таптырмас көмекші болатын тағам түрін білесіз бе?

Ана брат шақырды, мына сестра айтты, себепші болды дейді. Олар шейх емес, ұстаз емес, ешқандай білім алмаған. Олардың өзі бір сүре мен Фатиханы ғана біледі. Ал жастар оларды намаз оқығасын, күшті адам деп біледі. Алданып қалады", - деп жылап отырып әңгімесін аяқтады.

Тағдыры тәлкекке түскен келіншекке "Өкінбейсіз бе?" деген сұрақ қойылды.

"Өкінбеймін. Неге дейсіз ғой? Өйткені ұлым бар. Шүкір, Алхамдуллах. Балам әкесін іздейді. Аллах алып кетті деймін. Күйеуім тастап кетсе де, баламды туыстарынан ажыратқан жоқпын. Енеммен араласып тұрамын", - деді ол.

Аянат тоғызыншы сыныпты бітіріп, орта арнаулы оқу орнына оқуға түскен. Алайда сол күйі аяқтаусыз қалған. Туыстарынан бөлек, пәтер жалдап тұратын келіншек қайтадан жаңа өмір бастағысы келеді. Қоштасарда кәсіп ашып, жаңа іс бастайтын ниетін де айтып қалды.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
15 жасында тұрмысқа шыққан ақтөбелік бойжеткеннің күйеуі Сирияға кетіп қалды
Mailfire view pixel