RU

Ақтөбеде сотталушы түрме өкілдері басын жарға ұрып, әбден азаптағанын жайып салды

Ақтөбедегі 168/3 түзету мекемесіне қатысты дау шықты. Түрме қызметкерлері сотталушының басын қабырғаға ұрып, оның қолдарын камераның есіктеріне байлап қойған деп жазады kerek-info.kz.

Ақтөбедегі № 2 қалалық сотта қоныс колониясының қызметкерлеріне қатысты сот отырысы басталды. КА 168/3 түзету мекемесінің жедел бөлімі бастығының орынбасары Дәулет Байманов, мекеменің жедел қызметкері Гумар Ержанов және аға бақылаушы Дамир Сухашев сотталушыны азаптағаны үшін айыпталуда.

Оқиға биыл 17 наурызда болған. Сол күні жедел бөлім бастығының орынбасарына колонияның бақылау-өткізу бекетінде тұрған сотталушының көзқарасы ұнамай қалады. Сөйтіп, ол жазасын өтеушіге өрескел әзіл айтады.

Тағы оқыңыздар: Назарбаев полицейлердің жалақысы 25 пайызға өсетінін жария етті

Ал оның бұл сөзіне қорланған С. Нұржанов шағымданатынын айтып, ескерту жасайды. Осыдан соң Дәулет Байманов оның басын жарға ұрады. Мұнымен қоймай, оны азаптауды одан әрі жалғастырады.

Сотталушының айтуынша, қолдарын камераның есіктеріне байлап, қинаған. Үшеуі оның аузына шүберек тығып, іші мен төсінен ұрған. Кейін сотталушы оңаша қалған сәтті пайдаланып, түрмеден қашып шығады.

Түрме қызметкерлерінің үстінен прокуратураға шағым түсіреді. Ер адамның дене жарақатын алғанын медициналық сараптама да дәлелдеді. Дегенмен айыпталушылар өз кінәсін мойындамай отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1534406-aqtobede-sottalushy-turme-okilderi-ba.html