RU

Астаналық зейнеткерлер тегін қымыз бен бауырсаққа мәз-мейрам болды

Астана қаласында өтіп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінде қала тұрғындары картоп сатып алу үшін, ұзын-сонар кезекке тұрып, Арқаның дәмі тіл үйірер қымызынан дәм татты. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Бүгін Елордада Қостанай, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Онда 1000 тоннаға жуық ет, сүт, бидай, кондитер өнімдері мен көкөніс-жемістер сатылуда.

Айта кетерлігі, айтулы шараға әр аймақ ерекше дайындалған. Мәселен, Қостанай облысының өнерпаздары сахнада ән шырқап, би билесе, қарағандылықтар киіз үй тігіп, Елорда тұрғындарына дәмі тіл үйірер бауырсақ пен Арқаның әйгілі қымызынан дәм татқызды.

Ал, Қарқаралы ауданының өнерпаздары, тіпті, киіз үй алдында домбырамен ән шырқап, қала тұрғындарын өз өнерлерімен таң қалдырды.

Арқалықтардың киіз үй алдын безендіруі де айрықша болды. Қолдан жасалған мына «EXPO» әріптерінің алдында тұрғындар суретке түсіп, ашық аспан аясында бауырсақтардан дәм татты.

Жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің бағасы да қол жетімді. Мәселен, жылқы етінің 1 келісі 1500 теңге болса, сиыр еті 1300 теңгеден сатылды.

Жәрмеңкеде соңғы күндері бағасы шарықтап кеткен картоп та ел назарына ұсынылды. Мұндағы картоптың құны бар-жоғы 130 теңгені құрады.

Арзан бағамен сатылған картопқа елордалықтар ұзын-сонар кезекке тұрып, көкөністі көптеп сатып алумен болды. Тұрғындардың айтуынша, қалада мұндай бағадағы картопты таппайсыз.

«Өнімдердің бағасы қаладағымен салыстырғанда екі есе арзан. Дәл осы өнімдерді базарға барып сатып алсаңыз, қалтаңыз біраз ақшадан қағылады. Мысалы, тауық еті мына жерде екі есе арзан бағамен сатылып жатыр. Картоп та солай. Біз сияқты зейнеткерлер үшін, мұндай жәрмеңкелер үлкен көмек», - дейді зейнеркер Ирина Алексеева.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы Елордада әр облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері 13 мамырдан басталған еді. Әр аптаның соңғы күндері өткізіліп келетін игі шара қазанның 1-не дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1534445-astanalyq-zeynetkerler-tegin-qymyz-b.html