RU

Бүгін Қазақстан халқы Ораза айт мейрамын тойлап жатыр

Бүгін Қазақстан халқы мұсылмандардың ұлық мерекесі - Ораза айт мейрамын тойлауда. Бір ай бойы ауыз бекітіп, Алланың алдындағы парызын орындаған мұсылман қауымы ораза ұстауды аяқтайды.

Ораза айттың тариxы терең, тағылымы мол, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері атап өтіліп келеді. Айттың мән-мағынасына келсек, «айт» - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді.

Бұл ұлық мерекемеен барша мұсылмандар қауымын еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы да құттықтады.

"Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Сіздерді мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын, ағайын!

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады.

Еліміздің мұсылман қауымы қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялар өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау қайырымдылық шараларға үлес қосқан отандастарыма өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан «Алла разы болсын» деймін", - деді ол.

 

Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді.

Айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет. Ал, бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады. Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза айт құтты болсын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1534559-bugin-qazaqstan-khalqy-oraza-ayt-meyra.html