RU

Өз бойынан мін таппаған Жанар Айжанова: Халыққа жағу мүмкін емес (фото)

Отандық әнші Жанар Айжанова өзін көлденең көк аттаның айтқан сынын құлағына да ілмейтінін айтты. Оның айтуынша, сын айту үшін халық алдымен оның деңгейіне жетіп алғаны жөн.  Әнші NUR.KZ порталының бірнеше сауалына жауап берді. Ол әншілерге сын көзден қарайтындардың дені білімсіздіктен аузына келгенін айтып жүр деген пікірде.

«Мен әріптестерімді жамандай алмаймын. Үйде жатып еріккен адамдар айта береді. Халыққа жағу мүмкін емес. Бірақ, әр әншінің өз көрермені, тыңдарманы болады. Солардан айрылып қалмай, олармен бірге қартайса әнші үшін бақыт сол. Қазіргі заманда ақпаратқа еркіндік беріп қойды.

Үйде жатып, аузына келгенін айтып отырғандарды мен сыншы деп айта алмаймын. Сынды айту үшін адам соған тұрарлық білімді болу керек. Білімді адам әдемі сын айтады. Ондай адамның сыны өнер адамына өмірлік азық болады. Ал көлденең көк аттының айтқанын мен қабылдамаймын, құлағыма ілмеймін де. Өйткені, ол менің деңгейімде айта алмайды. Аузым бар деп айта беруге болмайды», - дейді әнші Жанар Айжанова.

Айжанова өзін міні жоқ қасқыр әншілердің қатарына қосады.

«Адам өзіне сын көзбен қарау керек. Бірақ, мен өзімнен соншалықты кемшілік көрдім деп айта алмаймын. Мүмкін сырт көзге көрінетін шығар. Мен бақыттымын, қасымда байқамай артық кеткен жерлерімді батырып тұрып айтатын нағыз достарым бар. Эфирден ешқашан артық ауыз әңгіме айтып көрген емеспін. Өз ісіме мықтымын. Шалқардың қызы емеспін бе?! Сондықтан мен анау-мынауыңды айтқыздырмайтын қасқыр әншілердің қатарындамын», - дейді Жанар өзі туралы.

Тағы оқыңыздар: Тұрсынғали мен Баян елде болмаған той жасап, мыңнан астам қонақ шақыратынын айтты

«Мінезім бар енді. Мінезі жоқ адам өнерде керегі жоқ. Мінезі жоқ адамның табанының бүрі жоқ, ұстағанның қолында тістегеннің ауызында бейшараның күнін кешетіндер. Мен өзімнің мінезімнің арқасында дегенімді жасап келе жатырмын. Дегенімнің барлығы халық үшін», - дейді әнші.

Атышулы Шалқар ауданында туып өскен әнші шалқарлықтарды шатақ дейтіндерге қатысты да пікірін білдіріп кетті.

«Шалқарлықтар шатақ дейді. Мен де шатақпын. Онда тұрған не бар? Ешкімнің басын жарып, не көзін шығарып жатқан жоқпыз. Қазақтың жері кең. Әр жердің салты бар. Соның ішінде біздің Шалқардың атын көбі төбелеспен, айқаймен бұзықпен шығады деп жатады. Мен айтар едім, нағыз аңғал, нағыз аңқау, жаужүрек, ештеңеден қорықпайтын батырлардың бәрі Шалқарда. Жылы сөйлесең жылан інінен шығады. Тек сөйлесуді білмейді», - дейді ол.

Әнші қызын қалай тәрбиелеп отырғанын да көпшілікпен бөлісуге қарсы болған жоқ.

Тағы оқыңыздар: ЭКСПО-да шенеуніктің көлігі ғимарат баспалдағына бір-ақ шығып кетті (фото)

«Мен қызымды жалғыз қыз деп еркелеткен емеспін. Тізгінін артып ұстаймын, әлі де солаймын. Қалада өсті екен деп еркін жібермеймін.

Оған өзімдегінің бәрін сіңіруге асығып жатырмын. Мүмкін өзімнің қызымды мақтағаным ұят шығар, бірақ, сырт көргендердің барлығы «менің қызым сіздің қызыңыздай болса екен» деп айтып жатады. Демек, менің еңбегім далаға кеткен жоқ. Оның да мінезі бар.

Өзінің білгенін істейді, білімі жетеді. Музыкалық білімі бар. Қазір дизайнер. Оның ұстазы өзім, сондықтан әлі аз секілді көрінеді», - дейді Жанар Айжанова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1534868-zhanar-ayzhanova-koldenenh-kok-attynynh-s.html