RU

Қостанайлық ата-ана айдың-күннің аманында жалғыз баласынан айырылып қалды

Қостанай облысының Қарасу аудандық ауруханасында екі жастағы дені сау бала жазатайым көз жұмды. Денсаулық сақтау басқармасындағылардың мәліметінше, бұл қайғылы жайт кімнің кінәсінен болғаны әзірге белгісіз деп хабарлайды Қостанай таңы.

Жас отбасының жалғыз баласы аяқ-қолы сау, ақыл-есі түзу, белсенді болып өсіп келе жатқан еді. 19 маусым күні кешкілік күтпеген жерден жағдайы нашарлап, тыныс алуы ауырлап кеткен. Ата-анасы оны жалма-жан ауруханаға алып келеді. Дәрігерлер баланың денсауылығын қарап, ауырсынуды басатын дәрімен еккен көрінеді.

Сәби бір ұйықтап тұрып, ояна салысымен тағы да ышқынып жылап, тұншыға берген. Ақыры, көп ұзамай, сол жерде ата-анасының қолында көз жұмған.

Тағы оқыңыздар: БАҚ: Тергеуге алынған ШҚО тұрғыны Ішкі істер бөлімінде қаза болды (фото)

"Денені сою қорытындысы көрсеткендей, кеңірдекшеге піспенан (печенье) тұрып қалған. Бір сөзбен, уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген", — деді кейінірек отбасының жақындарының бірі.

Ал Қарасу ауруханасының бас дәрігері В.Голубев бұл туралы жариялаудың қажеті жоқтығын айтып, пікір беруден бас тартқан.

"Ия, өліммен аяқталған деректі жасырмаймыз. Он күн ішінде тұжырым жасалып, кейін қызметтік тексеріс жүргізіледі. Ал әзірге қандай да бір ақпаратты алға тартуға әлі ерте", — деп жағдайды баяндайды облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Екатерина Слободенюк.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1535185-qostanaylyq-ata-ana-aydynh-kunninh-aman.html