RU

Сүйіктісіне бола Қазақстанға келген турист Астананың көріксіз қала екенін айтты

Астанада ЭКСПО көрмесі басталғалы бері әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан туристер саны да арта түсті. Ат басын алдымен Екібастұзға бұрып, сосын Астанаға табан тіреген сондай туристердің бірі бас қалаға көңілі толмайтынын жеткізді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Швейцария тұрғыны Стефан Қазақстанға Екібастұздағы сүйіктісіне бола келген. Десе де, шетелдік мейман уақыт тауып, Астананы да аралап қайтуды жөн көріпті.

«Менің Астанаға келгеніме бар-жоғы бірер сағат қана болды. Бұған дейін бірнеше күн Екібастұзда, сүйіктіммен бірге болдым. Осы аз уақытта қаланың көрікті жерлерін көріп қалғым келді. Сол себепті, осы жаққа келіп қалдық», - деді мейман.

«Бәйтерек» монументін арнайы тамашалауға келген ол, ғимараттың биік қабатында тұрып, қаланы биіктен көзімен бір сүзіп шықты.

Тағы оқыңыздар: Шымкенттік жігіт пен ақтөбелік қыздың махаббаты көпшілікті елжіретті (фото)

«Меніңше мына ғимараттардың көпшілігі бос тұр. Әрине, биік ғимараттар, көркі көз жауын алар үйлердің көп болғаны да жақсы. Десе де, сырттан келген мен сияқты туристерге қаланы қанша жерден әдемілеп қойғанымен, бұған сену, яғни, шаһардың толығымен осындай келбетте екеніне сену маған қиынға соғып тұр», - деген шетелдік мейман Қазақстанан алған әсерімен де бөлісті.

«Мысалы, мен Екібастұзда болдым. Онда мұндай биік ғимараттар жоқ. Қазақстанның басқа қалалары мен Астана арасындағы айырмашылық жер мен көктей», - деген турист Астанадан айтарлықтай әсер алмағанын айтып қалды.

«ЭКСПО көрмесіне бәлкім келе жатармын, бәрін уақыт көрсетер. Бірақ Астана мен ойлағандай әсер қалдырмады», - дейді Стефан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1535283-shveycariyalyq-turist-astanany-qansha.html