RU

Павлодарлық профессор африкалық ұлына әйел болатын қазақ қызын іздеп жүр

Жанат Сәкенов осыдан үш жыл бұрын Ганалық Френк Джамену есімді қара нәсілді азаматты бауырына басқан болатын. Африкалық өгей ұлын заңдастыру үшін тіпті елбасынан да көмек сұраған деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Ескірмеген махаббат

Павлодарлық Жанат Сәкенов 1989 жылы Мәскеуде Африкалық Амо есімді арумен танысып, ұнатып қалады. Жас жігітті қара келіншектің тал мүсіні мен мөлдір көздері баурап алыпты. Таныстық махаббатқа ұласып, олар бірнеше апталарын бірге өткізеді.

Ал, Ганалық арудың үш жастағы ұлы Френк те Жанатты жылы қабылдап «әке» деп атап кетеді. Кейін ғашықтар туған жерлеріне оралып, екіге айрылысқанымен олар телефон арқылы сөйлесіп тұрған.

2013 жылы Жанаттың сүйіктісі Амо ауыр дерттен көз жұмған соң, жетім қалған Френк ғаламтор арқылы «қазақстандық әкені» іздеуді бастайды. Африкалық жігіттің сөзінше ол бірнеше апта лашықта тұрып, жейтін нан таппаған күндері де болыпты.

Қиын кезеңде қазақ әкесі одан теріс айналмай, 100-500 долларлап қаржы салып тұрған.

Өз әкесінен көрмеген жақсылықты өзгеден тапқан Френк осыдан кейін Жанат Сәкеновті шындап жақсы көре бастаған. Бір-бірін 20 жылдам астам уақыт көрмеген әкелі-баланы 2013 жылы ресейлік арна кездестіреді. Артынша Жанат Сәкенов Френкті «ұлым» деп жариялап, бауырына басқан еді.

Қытымыр қыс 

Африкалық жігіт 2015 жылы Қазақстанға көшіп келіп  артынша туған жеріне қайта оралған. Себебі,  Френкке Павлодардың қытымыр қысы жақпапты.

"Френк екінші рет 2015 жылы желтоқсанда келді. Сол кезде қалада қатты аяз болып, өкпесі қабынып, суықтан денесін аллергия басып кетті. Бір ай бойы төсек тартып жатып, әрең жазылды. Френк – қыстың суығын, қар мен мұз көрмеген жылы жақтың жігіті ғой. Дәрігерлер денсаулығын тексеріп шығып, еліңе оралмасаң ауруың асқынады деді. Амал жоқтан қаңтар айында Ганаға қайтып кетті. Қазір жағдай жақсы, жұмысы бар, баспанасы бар",- дейді Жанат Сәкенов.

Мейірбан әке енді ұлын үйлендіру үшін қазақ қызын іздеп жүр.

"Френктің жасы қазір 30-дан асқан, сүр бойдақ. Оған тек қазақ қыздары ұнайтындықтан отбасын құра алмай жүр. Қыздар Френкті ұнатқанымен онымен бірге Африкаға бармайды. Сол жағы кішкене проблема болып тұр. Келін болатын қазақ қыз іздегенімізге тура екі жыл болды. Табылып жатса қазақша құда түсіп, қалың малын беріп, дүркіретіп тойларын жасар едім",- дейді Жанат әке.

Өз кезегінде Френк Джамену қазақ тілін сөздік арқылы меңгеріп алған. Күн сайын ғаламтор арқылы әкесімен аздап қазақша сөйлеседі екен.

"Ганаға кетсе де күн сайын скайптан байланысқа шығып аман-саулығын біліп тұрамыз. Туғаным болмаса да туғандай болып кетті. Бір күн хабарласпасам сағынамын. Қазақ елі десе ішкен асын жерге қояды.

Ганада түрлі мерекелер бар. Сол шараның барлығына Френк қазақтың шапанын киіп шығады. Сұрағандарға өзін "Мен афроқазақпын" деп таныстырады және мақтан тұтады. Мен үшін де ол африкалық емес, қазақ", - деп күледі әкесі.

Африкалық ұлын заңдастыру үшін Жанат Сәкеновтің бармаған тауы, ашпаған есігі қалмаған.

"Френк кәмілеттік жасқа толып кеткендіктен оны асырап алу мүмкін емес екен. Ал, оның Қазақстан азаматтығын алуына көмектесіңіздер деп біраз жерге хат жаздым. Барлығы қағаз жүзінде қолдағанымен, нақты ешкім ештеңе жасамады. Барлығын өзім жүгіріп жүріп, жеке қаражатыма жасаттым", - дейді павлодарлық тұрғын.

Әйелім мен қыздарым Френкті жақсы қабылдады.

"Африкалық жігітті бауырыма басқанда қоғамда түрлі пікір болды. Басым көпшілігі мені ақымақ деп қабылдап, жаман сөздер жазды. Қыздарым "Әке, олардың пікірін оқыма да, тыңдама, ашуланба", - деп айтады. Кейбірі неге қазақ асырамайсың деп сұрайды.

Бәйбішем екеуміз бір қазақ баласын асырап алып, аяғынан тұрғыздық. Қазір отбасын құрып, жеке тұрады. Үйі бар, жағдайы бар. Ал, Френкке келер болсам мен үшін адамзаттың ақ-қарасы болмайды. Олардың барлығы пенде.

Френк үшін мен - әкемін, ол - менің ұлым.  Френкті көріп, баламыздың жағдайын білсек деген мақсатпен келесі жылы отбасымызбен Ганаға қыдырып бармақпыз", - деп сөзін тәмәмдады павлодарлық ұстаз.

Жанат Жантемірұлы - бауырмал азамат қана емес, үлгілі ұстаз, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент . Ол 2015 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясы Отандық ғылымдар алтын қоры ұлттық бағдарламасының «Жоғары білім беру жүйесіндегі ғылыми жаңалығы» үшін алтын медальмен марапатталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1535958-pavlodarlyq-turghyn-afrikalyq-ulyna.html