RU

Атырау облысында белгісіз індеттен мал жаппай қырылып жатыр (фото)

Атырау облысында мал жаппай қырылып жатыр. Белгісіз індет мамырдың ортасынан бері, әсіресе, жылқыға қырғидай тиген деп хабарлайды КТК арнасы.

Бір ғана Исатай ауданының өзінде 200 бас жылқы арам қатқан.

Жылқының осылай жаппай қырылуы бұл ауылда 35 жыл бұрын болған екен. Бірақ, сол кезде де аурудың емі табылмаған еді дейді тұрғындар. Қазір де жылқылар шетінен арам қатып жатыр.

Тағы оқыңыздар: Алматы-Қапшағай тас жолында жүк көлігі полиция капитанын қағып кетті (фото)

Қыруар малдан айрылып, қылар қайраны болмай діңкесі құрыған қараша қазір шарасыз күйде. Өйткені, қырылған жылқы жүздеп саналады. Және күн сайын көбейіп барады.

"Бірінші бастағанда мұрнынан қан кетіп, артынан көзі атып кетті, аяқтары маймиып қалды, бауыры ісіп кетті, іштерін жарып қарадық, қарны қанталап кеткен кейбірінің", - дейді Исатай ауданының тұрғыны Бекежан Қалешев.

Айта кету керек, қажетті екпені де жылқышылар жүз мыңдап өз қаражаттарына сатып алып отыр. Исатай ауданына қарасты Үшқызыл елдімекеніндегі 20-дан астам шаруа қожалықтарындағы жағдай осы. Белгісіз дерттен қырылып жатқан жылқы малының өлексесі айналада шашылып жатыр. Қазірдің өзінде 200 басқа жуық арам қатқан. Мал иелерінің айтуынша, белгісіз ауру енді сиыр мен түйеге де ауыз сала бастапты.

Ал жергілікті және облыстық ветеринарлар шара қолданбақ түгілі, шаруаларға оның себебін де түсіндіріп бере алмай отыр. Есесіне маман болмаса да, әкімдіктегілер өз уәжін айтты. Олар ауру белгісі сәйкес келмесе де, жылқылардың сақаудан қырылып жатқанына сенімді. Қатталған цифларға сенсек, жағдай бақылауда көрінеді.

"Мал дәрігерлері ауру малды оқшаулап, емдеу және өлгендерін жою жұмыстарын жүргізуде. Жағдайды жергілікті әкімдік бақылауда ұстап отыр. Қазіргі кезде 234 бс жылқы ауырып, оның 96-сы ғана өлді", - дейді Атырау облыстық әкімдігінің ресми өкілі Серік Ерментаев.

Тағы оқыңыздар: Қызылордалық шеберлер «ЭКСПО»-ға орай ашылған этноауылдағы былықты жайып салды

Өкінішке қарай, әкімдіктегілер малдан айырылған халыққа төлененер өтемақы мен, карантиннің жарияланатынын ашып айта алмады. Ал тұрғындар өздерінен 60 шақырым қашықтықта орналасқан сынақ алаңынан зардап шегіп отырғандарына сенімді. Сондықтан Астанадан арнайы комиссияның келіп, осындағы су мен жайылымнан және ауадан сынама алып, кешенді тексерістің жүргізілуін талап етуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1536529-atyrau-oblysynda-mal-zhappay-qyrylyp-zh.html