RU

Сән салонынан шықпайтын бизнесмендер енді ұлдарына да күтім жасауды үйретуде

Қазақстандық қыздар еліміздегі ерлердің соңғы кездері сән салондарына жиі барып, шаш қидырудан бөлек қол, аяқ тырнақтарына күтім жасап, қастарын жұлдырып, аяқ пен көкіректегі түктерін тазартатынына таңғалуда деп хабарлайды NUR.KZ.

Ал, еліміздегі ерлерге арналған алғашқы "Восточный Express" сән салонының директоры Лязат Шағылбаеваның пікірінше ерлердің өздеріне күтім жасауында тұрған еш әбестік жоқ.

"Мен бұдан 11 жыл бұрын әйелдер сән салонында отырған ер азаматты көріп, неге ерлеріміз баратын жеке сән салоны жоқ деген ой ойладым. Сонымен осы саланы зерттей келе, елімізде ерлерге арналған бірде-бір сән салонының жоқ екенін біліп, алғашқылардың бірі болып "Восточный Express-ті" аштым.

Бүгінде біздің салонымыз ерлерге ғана қызмет көрсетеді. Онда шаш қию, ағарған шаштарды қарайту, массаж процедурасы, маникюр, педикюр, шугаринг, сақал алу қызметтерін көрсетеміз",-дейді ол.

Лязаттың айтуынша, сән салонына келуші ерлердің көпшілігі бизнес класс өкілдері.

"Бізге көбіне 30 бен 55 жас аралығындағы бизнес саласында жүрген, Қауіпсіздік қызметіндегі, өнер мен саясаттағы танымал тұлғалар келеді. Олар іскерлік кездесуге жиі баратындықтан, тырнақ күтіміне баса мән береді. Оның үстіне сақалдарын да әдемі етіп алу керек.

Соңғы кездері салонымызға шетелде білім алып келген жас жігіттер көптеп келуде. Біздің орталыққа 11 жыл бойы келіп жүрген тұрақты клиенттеріміз бар. Олар әрине өздерінің ұлдарын да алып келеді. Кішкентайынан әкесінің күтімін көріп үйренген жас клиенттеріміздің бүгінде алды 21-ге толған", - дейді ерлер салонының директоры.

Тағы оқыңыздар: Танымал топта ән айтқан қазақ қызы Малайзияда модель болып жүр (фото)

Бір қызығы шаш қидырудан бөлек ерлердің ең көп баратын процедурасы- педикюр жасату екен.

"Шаш қидыру мен массаждан бөлек, ер адамдар педикюрға көп келеді. Себебі, олар футбол ойнайды, күні бойы жабық аяқ киіммен жүреді, табандарында зең, түрлі тырнақ жарақаттары болады. Мұның бәріне уақтылы күтім жасалынуы тиіс. Жалпы, ерлер педикюр деген атауды жақтыра бермейді. Олар үшін ол жәй ғана "аяқ күтімі" деп аталады, біз де солай атаймыз", - дейді Лязат Шағылбаева.

Сән салонда ерлер маникюрінің бағасы - 6000 теңге болса, педикюр құны - 8000 теңгені құрайды екен. Себебі, ерлердің аяқ өлшемі әйелдердікіне қарағанда үлкен болып келеді.

"Әйелдердің аяқ көлемі кішкентай, көбіне өлшемі ары кетсе 38-ге баруы мүмкін. Ерлердікі 40-42, одан үлкендері де бар. Ойлай беріңіз оған қанша уақыт отыру керек, оның үстіне ер адамдар процедура кезінде ауырсынуларға әйелдер сияқты шыдай бермейді.

Барлығын тыныш, ауыртпай жасауға тиіссің. Ерлердің денесінің түгі әйелдердікіне қарағанда көбірек болғандықтан, депиляция құны 10000 теңгеден басталады. Әрі олардың түгіне арналған балауызды (воск) арнайы сатып аламыз, ол әйелдердікінен бөлек болады", - дейді маман.

Салонға келуші ер адамдар көбіне тыныштық пен жайлылықты ұнатады, артық адамның жүргенін қаламайтын көрінеді.

Тағы оқыңыздар: Мессидің былығы: Футболшының қайырымдылық қоры 10 млн еуро табысты жасырған

"Бізге келген клиенттер алдын-ала жазылады. Оның үстіне олардың әрқайсысы қызметтерін арнайы бөлек бөлмеде, жайлы төсекте жатып қабылдайды. Себебі, бізге олар релакс үшін келеді. Сондықтан біз жарықты аз ғана түсіріп, баяу музыка қойып, бір клиентке бірден маникюр, педикюр, массаж сынды процедураны жасаймыз.

Ер адамдар сән салондарында ары кетсе бір сағаттан артық қана болады. Оларға бастысы жайлылық сыйлап, жылдам, әрі сапалы қызмет көрсетсеңіз жетіп жатыр", - дейді 11 жыл бойы Алматыдағы ерлер салонын басқарып келе жатқан Лязат.

NUR.KZ тілшісі Алматыдағы сән салондарына хабарласып, ерлерге көрсетілетін қызмет бағасын анықтаған еді.

Сонымен, "аяқ күтімі", маникюр мен шаш қидыру үшін кемінде 20 мың теңге жұмсайсыз. Оған депиляция мен массажды, сақал алдыруды қоссаңыз 50 мың теңгеден асады.

Бұл баға бизнес-класс өкілдері үшін. Ал қарапайым салонға баратын ерлердің жұмсайтын қаражаты тұратын ауданы мен баратын сән салонына байланысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1536795-qyzdarmen-zharysyp-san-salonyna-barat.html