RU

Сүйіктісімен ренжісіп қалған ақтөбелік жігіт мүлде танымайтын қызды алып қашты

Ақтөбе облысында жас жігіт сүйіктісімен ренжіскеннен кейін танымайтын өзге қызды алып қашып кеткен. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып,  сот басталғалы жатыр деп хабарлайды Skifnews.kz.

Бұл туралы облыстық прокуратура аппаратының басшысы Жасұлан Дәулембаев өзінің Facebook-парақшасында жазды.

"Бізде әдетте қыз алып қашу материалдық жағдаймен байланысты, ұзату той мен құдалыққа шығындалғысы келмегендіктен екі тарап келісіп, қызды өз еркімен алып қашып жатады. 14 маусым күні де Хромтауда осындай жағдай орын алуы тиіс болатын.

Жас жігіт өзінің сүйіктісін алып қашпақ болған. Екі жақ келіскен. Жігіттің жағы келінді күтіп отырған сәтте ғашықтар ренжісіп қалып, қыз күйеуге шығудан бас тартыпты.

Тағы оқыңыздар: Қонақты балағаттап, жұдырық сермеген ЭКСПО күзетшісі желіде қызу талқыға түсті

Үйіндегілердің келін күтіп отырғанын ескерген жігіт сүйіктісіне ерегісіп, еш саспастан базарға барып, алдынан бірінші болып шыққан қызды күштеп алып қашқан. Алайда, оның ойы іске аспай, базар қарауылы жігітті ұстап алып, тәртіп сақшыларына тапсырды", – дейді Жасұлан Дәулембаев.

Бұл қылмысты жігіт жалғыз өзі емес, жолдасымен бірге жүзеге асырмақ болған. Қазір екеуінің үстінен де тергеу амалы жүргізіліп, іс сотқа жолданыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1537143-cuyiktisine-eregisip-tanymaytyn-qyzd.html