RU

Ақтөбедегі жетім балалардың үйін банк тартып алды

Ақтөбелік ағайынды төрт жеткіншектің баспанасына қатысты тың дерек пайда болды. Олардың үстінен түсірген банктің қарызды үстемемен қайтару туралы шағымы қанағаттандырылмады. Оның орнына Сарқұловтар әулетінің төрт баласы кепілдікте тұрған баспанасын біржола банк меншігіне беруге келісті деп хабарлайды NUR.KZ.

Еске сала кетейік, маусым айының басында заңгердің көмегін сұрап редакцияға хабарласқан әулеттің үлкені Абай Жұмабаев қиын жағдайда қалғанын  жеткізген еді. Ағайынды төрт жігіттің ата-анасы 2007 жылы банктен үйді кепілдікке қойып кредит алған.  Анасы қайтыс болған соң, іле-шала әкелері де оларды тастап, басқа әйелдің соңынан кеткен.

Абай Жұмабаевтың айтуынша, NUR.KZ-тегі мақаладан соң, Ақтөбеден оларға қол ұшын созуға дайын қайырымды жандар табыла бастапты. Жағдайы елге мәлім болған уақытта көмек беруге әзір заңгер де кезіккен. Банктің кепілдегі үйді емес, қарыз ақшаны (3 миллион 700 мың теңге) талап етуін балалардың заңгері заңға қайшы деп дәлелдеп шықты. 

"Біз туралы білген жандар үйге азық-түлік әкеп беріп, шотыма азын-аулақ ақша аударды. Бәріне рахмет айтамын. Заңгеріміздің көмегімен ақылдаса келе баспанамыздан бас тарттық. Өйткені оны бермесек, 20 жыл бойы айына 30 мыңнан төлейтін едік. Үйіміздің жағдайы да мәз емес болатын. Әзірге сол жердеміз, бізге босатыңдар демегенше тұра береміз", - дейді Абай Жұмабаев.

Тағы оқыңыздар: БАҚ: Башар Асад өз халқына қарсы тағы бір химиялық шабуыл дайындап жатыр

Айта кету керек, Абайдың інісі Әлішер Сарқұлов отбасын құрған. Енді олар кәмелетке толмаған жалғыз інісін балалар үйіне жібермес үшін соның атына рәсімдемек.

"Інім Мерген балалар үйіне де кетіп қалуы мүмкін екен. Себебі, менің баспанам, отбасым жоқ. Үйленген інім Әлішерге құжат рәсімдеудеміз»,- дейді Абай Жұмабаев.

Сарқұловтар жетімдер есебінде пәтерге кезекке тұра алмай жүр. Өйткені олардың әкесі тірі, ол заңды түрде балаларынан бас тартпаған.

Абайдың айтуынша, әкесі екі жыл бойы оларға тиесілі жәрдемақыны өзі алып келген. Қорғаушының көмегімен балалар әкесіне аударылып жүрген қаражатты тоқтатып қойды. Бүгінге дейін оларға тиесілі 400 мың теңгедей жәрдемақының ақшасы әкесінің қолына түсіп жүріпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1537504-aqtobedegi-zhetim-balalardynh-uyin-ban.html