RU

Ақтөбеде құны 84 млн еуро болатын зауыт салынбақшы

Ақтөбеде жел генераторын шығаратын зауыт салынады. Жобаның құны – 84 млн еуро. Кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Осы жобаны жүзеге асыруға қатысты облыс әкімдігі мен құрылыс мекемесі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Хабар24.kz.

Бұл шара Астанадағы Ақтөбенің мәдениет күндері аясында өтіп жатыр. Көрмеге жалпы құны 2,1 млрд доллардан асатын 13 инвестициялық жоба қойылды. Кездесуге еліміздің сыртқы істер министрі бастаған дипломатиялық корпусы мен инвестициялық және даму министрлігінің өкілдері қатысып, өңірдің даму мүмкіндігімен танысты.

Тағы оқыңыздар: Үш жыл бойы демалмай жұмыс істеген министр шетелге шығудан бас тартты

"Біз шетел инвесторларын Ақтөбе облысында жұмыс істеуге шақырамыз. Олар үшін барлық жағдай жасалатындығын тағы бір мәрте еске саламын. Осы көрме ЭКСПО аумағында жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Бізде өндірістік, геологиялық, туристік саланы дамытуға мүмкіндік зор", - дейді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Зауыт құрылысы үш жылға созылмақ.

"Біз биыл 20 млн еуроны игереміз деп жоспарлап отырмыз. Технология Испанияға тиесілі. Ал инвестиция Германиянікі. Зауыт құрылысы үш жылға жалғасады. Оның қуаттылығы жылына 250 мгв болады. Мұндай жел генераторы зауыты әзірге бұрынғы кеңестер одағы құрамындағы елдердің ешқайсысында жоқ", - дейді United energies Aktobe ЖШС бас директоры Михаэль Паульс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1537941-aqtobede-quny-84-mln-euro-bolatyn-zauyt.html