RU

Кемаль қайтыс болды: Қазақ әйелдерінің көз жасын көл қылған кім? (фото, видео)

Бүгінде Instagram желісіндегі қолданушылар Кемаль есімді жігіттің қаза табуына байланысты "қайғыға батты". Олар түрлі жазбалар жазып, бір-біріне қайғырып көңіл айтуда. Сонымен қазасы бүкіл желіні шулатқан Кемаль кім?

Отандық телеарналардың бірінен "Өшпес махаббат" ("Қара севда") деп аталатын телехикая көптің жүрегін жаулап, ондағы кейіпкерлер де желі қолданушыларының жазбаларынан түспейтін болған. Осы жылдың ақпан айынан басталған телехикая елімізде ғана емес, ТМД елдерінің бірқатарында көрсетілген.

Кемаль есімді жігіт - бұл телехикаяның басты рөліндегі кейіпкер. Оның рөлін танымал түрік актері Бурак Өзчивит ойнайды.

Ол өзінің сүйіктісі Ниханмен (ред. - актрисаның есімі - Неслихан Атагюль) бірге түрлі қиындықтарды бастан кешіріп, ақыр соңында телехикаяның соңғы бөлімінде қайтыс болады.

Ал телехикаяның соңы кейіпкерлердің бақытты болуымен аяқталады деп күткен көрермендер болса, қатты наразы болып, эмоцияға толы жазбаларымен желіні толтыра бастады.

Мұны көрген желі қолданушылары "Кемаль қайтыс болды" деген хэштегпен отыз мыңнан астам жазба қалдырып, бұл телехикая әп-сәтте хитке айналды. Вайнерлер түрлі видео түсіріп, жарыса ән арнауда.

Бұл желіні шулатқан жайтты іліп әкеткен "пысықтар" болса, тіпті жерлеу рәсіміне ақша жинаймыз деп жар салып, ұтымды әзілімен елді күлкіге қарық қылуда.

Тіпті кей қолданушылары қасиетті Рамазан айында дүниеден өткен Кемальді (телехикая кейіпкері) жұмаққа барады деп болжаған.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1538296-kemal-qaytys-boldy-qazaq-ayelderini.html