RU

NUR.KZ порталы кімдерге қол ұшын созды?

28 маусым - елімізде журналистердің кәсіби мерекесі. Осынау айтулы күні Қазақстандағы нөмірі бірінші ақпараттық портал соңғы бір жыл көлемінде өзінің қалың оқырманының арқасында шешімін тапқан мәселелерді ел назарына ұсынуды жөн көрді.

NUR.KZ порталының редакциясына хабарласып, өзінің жағдайымен бөлісетіндер көп. Олардың бірі әділдік іздеп жан ұшырса, енді бірі ішерге ас таппай отырғанын, ал тағы бірі ауыр дертке шалдыққанын айтады.

Мәселен, Қызылорда қаласы, Белкөл кентінде үйлері өртеніп, аналарынан айырылған бес баланың туыстары редакциямен байланысқа шығып, халықтан көмек сұраған болатын. Қала әкімдігі газ баллоны жарылуының салдарынан жетім қалған балаларға алғашында 150 мың теңге мен бір қап ұн ғана берген. Аталған мақаладан соң, порталға хабарласқан бес баланың әпкесі жергілікті билік тарапынан көмек беріле бастағанын жеткізді.

NUR.KZ порталына үш ай бойы хабарсыз кеткен қызына іздеу салып, екі күн ішінде тапқан ана да алғысын жаудырды. Естеріңізде болса, ломбардта жұмыс істеген алматылық бойжеткен жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Аталған материал жарияланған соң, іле-шала Шекер Шәріпбаева үйіне қайта оралды.

Сондай-ақ, екі бүйрегі істен шыққан 11 жасар Жәнелдің донор болған ағасына белгілі кәсіпкер екі миллион кредитін жауып берді.

Редакцияға тығырыққа тіреліп, проблеманы шешуге көмектесуді өтінген адамдар да хабарласып жатады. Мәселен, маңғыстаулық ана жас келіншекке арбалған 22 жастағы ұлын қайтаруды жалынып сұрағаны туралы мақала жарияланған. Сол күннің ертеңінде үй-ішімен байланысқа шықпай жүрген жас жігіт отбасына қайтып оралды.

Елі билігіндегі азаматтар да Қазақстандағы нөмірі бірінші портал арқылы халықтың жайын аңғарып отырады. Еске салсақ, NUR.KZ порталында ОҚО-да Маржан Тұрлыбаева жатқан мекемеге тоғытылғандардың адам шошырлық жағдайы туралы хабарланған болатын. Онда Түркістан қаласындағы психоневрологиялық әлеуметтік мекемесіне тоғытылғандар құдды африкалық тұрғындарды еске түсіретіні сөз етілген. Аталмыш мақаладан кейін Маржан Тұрлыбаева жатқан әлеуметтік мекеме тексерілетін болды.

Сол уақытта вице-премьер болып тұрған Иманғали Тасмағамбетов ОҚО медициналық әлеуметтік мекемесінде орын алған мәселені анықтау үшін арнайы комиссияны жолдағаны белгілі.

Порталда көтерілген мәселелер көп жағдайда өз шешімін тауып жатады. NUR.KZ арқылы жанайқайын жеткізіп, қоғам назарын аудартқан жандардың портал оқырмандарына айтар алғысы шексіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1538389-nur-kz-portaly-kimderge-qol-ushyn-sozdy.html