RU

Өзбекстан қазағы лауазымды қызметін тастап, Қазақстанға оралғысы келмейтінін ашып айтты

Астанада үш күн бойы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Жиынға әлемнің алыс және жақын 39 елінен 350 қандасымыз келді. Тарихи Отанға көрші өзбек елінен ат терлетіп келген Серікбай Үсенов атажұртқа оралуға асықпайтынын жеткізді деп жазады sputniknews.kz.

Серікбай Үсенов — Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы. Сол жерде туып-өсіп, көп жыл мемлекеттік қызметте істеген.

"Ата топырақ Қазақстан болса, ана жеріміз осы Өзбекстан елі, осы жерде өсіп-өніп жатқан жағдайымыз бар. Балаларым жоғары оқу орындарын бітірді. Тегін оқыттым. Лауазымдар беріп жатыр. Мен өзім он төрт жыл үш аудан әкімінің орынбасары, әкім болдым. Қай қазаққа басқа мемлекетте осындай жасайды мәселен?

Сол сияқты генерал ағаларымыз бар. Бүгінде президентіміздің мемлекеттік кеңесшісі қазақ — Тұрсынхан Құдайбергенов. Сол сияқты Айдарқұлов деген ағамыз Науаи уалаятының әкімі, Әлішер Ғаппарұлы он жылдай аудан әкімі болды.

Жетпіс пайыз қазақтар тұратын жерде, міне, қазақ әкімдері де істеп жатыр. Бізге ешқандай кедергі жоқ. Конституцияның сегізінші тармағында жазып қойған, бізде ұлтқа қарамайды", — деп әңгімеледі Серікбай Үсенов.

Тағы оқыңыздар: Назарбаев еліміздегі демалыс орындарында жоғары бағаға сай қызмет көрсетілмейтінін айтты

Осылайша, ол Өзбекстанда қазақтардың жағдайы жақсы екенін айтты. Сондықтан аға буын атажұртқа асықпайды, ал жастардың ынтасы бар.

"Жағдайымыз жақсы, сондықтан Қазақстанға келуге асықпаймыз. Жасым алпыс екіде, бұл жақта таныс тауып, бауыр тапқанша, қанша өміріміз қалғанын білмейміз.

Екі ұлым осында болса, қызым Алматыда тұрып жатыр. Біздің асығатын жеріміз жоқ, немерелеріміз ертең келуі мүмкін. Оқимын деген жастар барып жатыр", — дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1539033-ozbekstan-qazaghy-lauazymdy-qyzmetin.html