RU

Жайлы орын, жоғары жалақы: Сенатқа кімдер өтті?

Күні кеше елімізде Сенат сайлауы өтті. 14 облыс пен Астана, Алматы мәслихаттары депутаттарының дауыс беруімен алғашқы 16 сенатордың есімі белгілі болды деп хабарлайды КТК арнасы.

Он алтының 12-сі жаңа есімдер болса, төртеуі қайта сайланып отыр. Араларында әкім орынтағын сенаттың жұмсақ креслосына ауыстырғандар да бар. Жаңарумен қатар жетінші шақырылым құрамы, бұрынғыға қарағанда, біршама жасарып та қалған.

Сенат сайлауының елдің саяси өміріндегі салмағы, жоғарғы палата болса да мәжілістікіне жетпейді. Оған себеп, төменгі палатаға партиялық тізіммен болса да халықтың өзі сайласа, бұнда тек дайын нәтижесіне көнуден басқа амал жоқ.

Яғни, бір депутатты келесі депутаттар сайлайды. 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларының мәслихаттары қас-қағым сәтте су 16 сенаторды анықтап берді. Енді олар 6 жыл бойы заң шығарумен айналысады.

Тағы оқыңыздар: Жеті жасар ұлын өлімші етіп сабаған шымкенттік ана оны балалар үйіне өткізбекші

12 су жаңа сенатордың арасында Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев бар. Және жалғыз әйел депутат – Динар Нүкетаева. Ол Алматы қаласынан сайланған.

Сайлау комиссиясы жетінші шақырылымның жасарғанын айтады. Орташа жас - 52. Жастау болғанына қарамастан, жаңа құрамның жүгі ауыр дейді сарапшылар.

Ал қайта сайланған ескі сенаторлар Бақтиярұлы, Шелпеков, Қылышбаев және Нұрғалиевтер. Оларға өңір мәслихаттары қайта сенім артып, мандат алуға мүмкіндік берді. Ал жалпы 47 сенатордың 15-ін президент тағайындайды.

Тағы 16 депутаттың өкілеттіктері әлі біткен жоқ. Сондықтан олар алтыдан жетінші құрамға тер төкпей топ ете қалады.

92 миллион теңге жұмсалған сайлауда жеңіске жеткендер енді алты жыл Есілдің сол жағалауында тұрақтайды.

Жайлы орынтақ, жоғары жалақыдан бөлек, алғашқы рет сенатор атанғандардың саяси мансабын көтеруіне зор мүмкіндік бар.

Тағы оқыңыздар: Жабық кештерде ғана өнер көрсететін қазақстандағы тұңғыш қыз-еркек туралы не білеміз?

Ал жергілікті мәслихаттар су жаңа сенаторлардың тағдырын жанама дауыс беру арқылы бір-екі сағатта шешіп тастады. Соңғы, бекітілген тізімді Орталық сайлау комиссиясы алдағы бірнеше күнде ресми түрде жариялайды. Сайлау туралы заңға сәйкес өңірлік комиссиялар екі күн ішінде орталыққа хаттама жіберулері тиіс. Бірақ бұл ресми рәсім сайлау қортындысына әсер ете қоймайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1539326-zhayly-oryn-zhoghary-zhalaqy-senatqa-kimd.html