RU

Алматы облысында лагерь тәлімгері түн ортасында балаларды шешіндіріп, мазақ еткен (видео)

Жаңаөзен тұрғыны Алматы облысы, Ақбұлақ кешенінде ұйымдастырылған жазғы демалыс лагеріне баласын жібергеніне өкініп отыр. Ата-ананың айтуынша, аталған лагерьде балаларды әскери тәртіпке салып, қорқытып-үркітіп ұстаған. Онымен қоймай, осы іс-әрекетін лагерь тәлімгерінің өзі видеоға түсірген деп хабарлайды NUR.KZ.

Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының қызметкері Жұрымбаев Аманжолдың айтуынша, лагерьге жолдаманы балаларына кәсіподақ ұйымы берген.

Аталған лагерь тәлімгерінің әрекеті екінші кезеңде барған балалардың ата-аналарының ашуына тиіп отыр.

Оның айтуынша, тәлімгер жас жігіт балаларды 30 секунд ішінде киініп-шешінуге бұйрық беріп, оларға мәжбүрлі түрде жаттығу жасатқан.

Айта кету керек, ұл балалар 11-12 жаста.

"Балаларымыз Алматы маңында орналасқан "Ақбұлақ" лагерінен жақында үйге оралды. Олар сол жердегі тәлімгерлерге наразы екенін айтып келді. Әсіресе Бек Өмірзақов деген жігіт ұлдарымызды әскердегі тәртіптей шара қолданып, қорқытып-үркітіп, түннің ортасында бірнеше рет шешіндіріп-киіндіріп, еріксіз отырғызып-тұрғызып, ұзақ уақытқа қолдарын көтеріп тұруын бұйырған.

Сондай-ақ оларды жартылай отырғызып, бірталай уақыт бойы ұстап қорлық көрсеткен. Ал бағынбаған балаға түнде далаға шығарып жіберем деп қорқытыпты. Әке-шешелеріңе айтпаңдар деп үркіткені тағы бар. Онымен қоймай, осы іс-әрекеттерін видеоға түсіріп алып, оларды келемеждеп, ар-намысын таптап отыр. Видео таныстарына тарап кеткен", - дейді лагерьде болған баланың әкесі Жұрымбаев Аманжол.

Екінші кезеңдегі балалардың ата-аналары оларды лагерьге әскери тәртіпті үйренуге емес, демалуға жібергендерін айтып, лагерь басшылығына наразылығын білдірді.

Олар лагерьдің тәлімгеріне шара қолдануын талап етіп отыр.

Осы видеоға қатысты NUR.KZ порталы Ақбұлақта орналасқан демалыс кешенінен жауап алу үшін басшылыққа арнайы хабарласты.

Ақбұлақ лагерінің басшылығының ресми мәлімдемесіне сәйкес, балаларды алып жүрген Бек Өмірзақов ата-аналарға түсірген видеосын Whatsapp арқылы өзі жіберген.

Айта кету керек, азамат Бек Өмірзақтың балаларды алып жүруге ата-аналардың сенімхаты бар.

"Бұл дерек бойынша Ақбұлақ кешені жедел түрде оқиғаның мәнін анықтауға кірісті. Соның негізінде «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС аға өкілі Темірбаеваның қатысуымен Өмірзақ Бек Амандықұлына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Оған Ақбұлақ лагерінде мұндай әрекетке жол берілмейтіндігі айтылып, ол «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС атынан балаларды алып жүруші қызметінен шеттетілді. Ата-аналар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ", - делінген мәлімдемеде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1539506-almaty-oblysynda-lager-talimgeri-tu.html