RU

Алматы облысында шошқа асыраған кәсіпкердің үйі бір сағатта күлге айналды

Алматы облысы Іле ауданы, Ынтымақ ауылындағы Арыстанбековтер отбасы бір сағатта далада қалды деп хабарлайды NUR. KZ порталы. Қайғылы жағдай 23 маусым күні орын алған. Оншақты мал мен 12 жан тұратын жер үй әп сәтте күлге айналған. Өртті біреу әдейілеп жасады деп күдіктенеді жапа шеккендер.

«Оқиға болардан жарты сағат бұрын мен қалаға жұмыспен шығып кеттім. Мен үйден кетерде бәрін қарадым, тіпті түтін жоқ еді. Өрт түскі сағат 2-де мал қорадан шықты. Далада күн ыстық болған соң бала-шаға, әке-шешем, жолдасым барлығы үйде демалып жатыр еді.

Кішкене қызым ойнауға шығып, отты көріп үлкендерге ескерткен. Жолдасым сыртқа шықса қызыл жалын бүкіл қораны басып, малдар тірідей жанып, шыңғырып жатыр екен.

Өрттің өздігімен тұтанып, әп сәтте солай жалындап кетуі мүмкін емес қой. Тіпті ол жерде электр сымы да жоқ. Дереу өрт сөндірушілерді шақырған. Құтқарушылар тездетіп жеткенімен, көліктерінде жарты бөшке ғана су бар екен.

Екінші рет су жинап келгенше тілсіз жау біздің үй мен көрші үйге қарай лап берді. Ол аз болғандай ауыл тұрғындары өрт сөндірушілердің машинасын біздің үйге қарай өткізбей қойыпты.

Бұларың не деп сұраса айтады дейді «олар шошқа бағады, жана берсін. Одан да басқа өртті сөндір» деп. Бұл адамшылыққа жатпайды ғой. Өрт сөндірушілер солардың сөзін тыңдап біздің үйге келмей қойды. Сіңілім барып бәріне ұрысқан соң ғана өртті сөндіруге кірісті» ,- дейді кәсіпкер Динара Арыстанбекова.

Динараның сөзінше олар үй жануарларымен қатар 2 шошқа асыраған. Доңыздың жағымсыз иісі көршілеріне ұнамапты.

«Біз шошқаны еріккеннен асырамадық. Иісі болды, мойындаймын. Сасымасын деп түрлі дәрі әкеліп септім, көмектеспеді.

Әкімдіктен мал баққанға жер сұрап едім, мешіттің жанынан берді. Ол жерге қалай мен шошқа ұстаймын? Бұл өте қауіпті болған соң үйде асырауға тура келді.

Осыған дейін ауылдастар бірнеше мәрте біздің үстімізден арыз да жазды. Түк шықпаған соң осылай өртеп жібереді деп ойламадым. Шыны керек бұл жерде шошқа асырады деген сылтау, олар біздің кәсібімізді көре алмады.

Өйткені біз ешкімнен ештеңе сұрамай өздігімізбен жан бағып, аяққа тұрған кәсіпкер едік. Таң ертеңгісін кетеміз, түнде келіп, бел жазбай жұмыс жасап, жиған мал-мүлкіміздің бірі қалмады. Тек үстіміздегі бір киер киіммен көлікте түнеп жүрміз»,- дейді Динара.

 

Отбасы мүшелері қайғырып жүріп төтенше жағдай қызметкерлеріне «ешқандай шағымымыз жоқ» деген қолхат жазып берген. Ауылдастарынан көңілі қалған кәсіпкерлер барынан айырғандарды тауып, жазасын берсін деп енді құзырлы органға қайта арызданбақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1539763-almaty-oblysynda-shoshqa-asyraghan-kasi.html