RU

Жаңаөзенде балабақшадағы былықты видеоға түсірген тәрбиеші жұмыстан қуылды

Жаңаөзенде балабақшадағы былықты видеоға түсірген тәрбиеші жұмыстан қуылды деп хабарлайды КТК арнасы.

Жаңаөзендегі №13 балабақшаның қызметкері жариялаған видеода, балалардың бір төсекте екеуден жатқаны, оларға екеуара бір ыдыс берілетіні көрініп тұр. Автордың айтуынша, материалдық тапшылық осындай жағдайға мәжбүрлеген. Бұл келеңсіздікке төзбеген бала күтуші мекемегі былықты әшкере етуді жөн деп тауыпты.

"5 балаға тамақ бердім. Ыдысын жудым, қайта бес баланы отырғыздым. 20 баладан кейін менім кінәм не? Тек баланы азайтыңызшы, 20 баланы. Тәрелке жоқ", - дейді тәрбиеші.

Алайда мекеме басшылығы мен өзге қызметкерлердің айтуынша бұның барлығы жалған екен. Бейнетаспадағы көрініс қасақана жасалған қойылым деп ақталды.

"Барлығы жақсы, барлығы жеткілікті.Әр топта 20 баладан 20 тәрелкесі, 20 қасығы, ыдыстары барлығы жеткілікті", - дейді балабақша әдіскері Гүлнар Жолмағамбетова.

Тағы оқыңыздар: Автобус қақса да, ештеңе болмағандай кете берген жігіт елді таңырқатты

Балабақшадағы бұл жанжал облыстық білім басқармасындағыларға да жетіпті. Олар видео авторы мен мекеме директорының жұмыстан қуылғанын айтты. Әйтсе де, құрал-саймандардың жетпей қалуы мүмкін емес деп отыр. Ал дау жеке бас араздығынан болған көрінеді.

"Білім басқармасының тапсырмасымен дереу Жаңаөзен қаласына шықтық. Барып зерттеп жағдайды қарадық. Басшысымен және де ұжымымен сұхбаттастық. Басшы мен тәрбиешінің арасындағы келіспеушілік болған", - дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының қызметкері Сұлу Еламанова.

Шенеуніктердің айтуынша, істің анық-қанығы толық тексерістен соң белгілі болады. Ал жетіспеушілік расталған жағдайда бірнеше жыл бұрын ғана ашылған балабақшаның басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1540541-zhanhaozende-balabaqshadaghy-bylyqty-vi.html