RU

Алматылық вундеркинд бала 12 жасында мектепті үздік бітіріп шықты

Алматы қаласының тұрғыны Абзал Мырзаш мектеп бағдарламасын жеті жылда толық меңгеріп, 12 жасында мектепті үздік бітіріп шықты, деп хабарлайды Baq.kz Информбюро 31-ға сілтеме жасап.

Вундеркинд бала ҰБТ-дан да жоғары бал алып, жоғарғы оқу орнының студенті де аталғалы отыр. Алайда ақылды баланың ата-анасы білім министрлігіне өкпелі. Өйткені мектепті жеделдетіп бітірген оқушыларға алтын белгі де, қызыл аттестат та берілмейді екен.

Абзалға сырттан қарасаңыз балалармен асыр салып ойнап жүрген қарапайым жасөспірім сияқты. Бірақ оның білім деңгейі өзінен бірнеше жас үлкен балалардан да артық екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол болашақта АҚШ-та білім алғысы келетінін айтты.

«Басқа мамандықтар туралы іздеп, IT технологияны таңдадым, ақпараттық технологияны», - дейді ақылды бала.

Тағы оқыңыздар: Қытайлық туристер игерілмей жатқан Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын көріп таңғалды

Абзал дәрігерлер отбасының тұңғышы. Оның білімге деген құштарлығын ата-анасы кішкентай кезінде-ақ байқаған. Ол үш жасында әріп танып, кітап оқыса, төрт жасында көбейту кестесін жатқа айтқан.

«Жан-жануарлар, астрономия туралы энциклопедиялар, тағы да басқа үлкен адамдарға, мектеп оқушыларына арналған кітаптарды балаға әкеп бердім. Бала оны өздігінен оқып, біле бастады», - дейді Абзалдың әкесі Дәуренбек Нысанов.

Бұл отбасының үш баласы да мектепке 5 жастан барған екен. Бәрі де үздік оқиды. Ал Абзалдың ақылдылығы сонша, бір жылда екі жылдық мектеп бағдарламасын оп-оңай меңгеріп алған. Баланың республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жүлде алған дипломдарында тіпті сан жоқ. Алайда елімізде вундеркинд балаларға көрсетілетін ілтипат аздау сияқты.

«Қала әкімі бүкіл алтын белгі иегерлеріне салтанатты түрде табыстады марапатты. Соны көріп мен қатты қынжылдым. Менің де балам осы балалардың ішінде жүретін еді. Салтанантты түрде ол да алуы керек еді», - дейді оның анасы Жазира Доскеева.

Күзде Абзал студент атанғалы тұр. Қазақ Британ техникалық университеті баланың ҰБТ-дан алған балы грантқа түсуге жетпесе, онда университеттің ішкі грантын бөлеміз деп уәде беріпті. Зерек бала оқу орынын да 1-2 жылда бітіріп шығуы әбден мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1540843-almatylyq-vunderkind-bala-12-zhasynda.html