RU

Құрбысының қызын ұрлап кеткен Теміртау тұрғыны сотта жылап жіберді

Құрбысының баласын бағып жүріп, ұрлап кеткен Теміртау тұрғыны Айнұр Айдарбек ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды сот баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.

Теміртау қалалық сотының баспасөз хатшысы Ғалым Тоқтаровтың сөзіне сүйенсек, Айдарбек Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі 5-пункті (Кәмелеттік жасқа толмаған баланы ұрлау) және 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша айыпты деп танылған.

Сонымен, бірнеше қылмыс жасаған Айнұр Айдарбектің жазасы ауырлап, нәтижесінде жеті жылға сотталған. Жаза мерзімі 27 наурыздан бастап есептелінеді. Бұл оқиғаның мән-жайын жергілікті "Новый вестник" басылымы баяндайды.

Айнұр Айдарбек колледжде Екатерина Огневамен бірге оқыған екен. Екеуі де жиырмадан жаңа асқан қыздар. Екатерина Айнұрды жақсы, мейріміді жан ретінде сипаттады. Ол жігітімен айырылысып, қайда тұрарын білмей Екатеринаның үйіне келіпті. Сөйтіп, күйеуі және екі жасар қызы бар Екатерина студенттік шақтағы құрбысын жалдамалы пәтеріне тұрғызады. Айнұр үйдегі тірліктің бәрін өз мойнына алып, ата-анасы жоқта кішкентай Виканы бағады.

Арада төрт күн өткенде 26 наурыз күні қыздың әкесі кешкісін үйіне келсе, Айнұр да, бала да жоқ. Айнұрдың қалдырып кеткен хатын тапқанда, ол бәрін түсінеді.

"Катя, бұл ағаттығымды кешірерсің. Полицияға шағым түсірме! Менің еш кінәм жоқ. Қызың сондай сүйкімді. Оған жақсылап қараймын. Өзімді ана ретінде сезінуіме мұрсат берші. Мамырда әкеліп беремін", — делінген хатта.

Айнұр қыздың туу куәлігі мен ерлі-зайыптылардың неке куәлігін алып кеткен. Ата-ана бірден полицияға хабар береді, келесі күні Айнұр мен Вика Астанада табылған. Қыздың айтуынша, бала өзіне қатты бауыр басып, тіпті "мама" деп атаған екен.

Сотта Айнұр жасаған ісіне өкініп, үкімді естігенде жылап жіберді. Қызға баланы ұрлағаны үшін қысқа мерзім беріліпті. Ал, үкім оқылған кезде баланың ата-анасы сот залында болмаған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1541166-qurbysynynh-qyzyn-urlap-ketken-temirt.html