RU

Каникулға шыққан депутаттар жазғы демалыстарын қалай өткізбекші?

Алтыншы шақырылған Парламент екінші сессияны жауып, депутаттар қыркүйекке дейін каникулға шықты. Халық қалаулылары жазғы демалысты қалай және қайда өткізбек?

Депутаттар, сессияны жапқаннан кейін, ең әуелі, өңілерді аралап, сайлаушылармен кездеспек. 

"Батыс Қазақстан облысына барып, бір ай халықпен кездесіп, жұмыс істеуіміз керек. Бір жыл бойы парламенттің қабылдаған заңдарын қалай жүзеге асатынын түсіндіру қажет. Өзін өзі басқару туралы, жайлау туралы, сонымен қатар президенттің өкілеттігін парламент пен үкіметке беру туралы заңдардың барлығы тікелей халыққа байланысты. Сонымен бірге, ертең қыркүйекте келген кезде қандай заңдар қабылдаймыз, қандай заңдарға өзгеріс енгіземіз? Соны жергілікті жерден, халықтан естіп келуіміз керек", — дейді сенат депутаты Ерболат Мұқаев.

Бір ай бойы халықтың мұң-мұқтажын тыңдағаннан кейін депутат Ресейдегі Ессентукиде 12 күн демалып келмек. 

Ал мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жылдағы дәстүр бойынша отбасымен Алакөлде тынығуды жоспарлап отыр. Ол туған елінің тамаша табиғатында демалғанды жөн көреді екен. 

"Маған бұл сұрақты жылда қояды. Мен әрқашан еліміздің шығысындағы Алакөлде демаламын деп айтамын. Биыл да сол жерге барамын. Оған дейін елдің ортасында болып, аудан, ауылдарға барып, халықпен кездесіп, жағдайын біліп, бірге боламыз. Жалпы халықтың ортасына бара жатырмыз", - деді депутат.

Қуаныш Сұлтанов үшін жаз бойы ағайын-туыс, отбасы, бала-шағаның ортасында болудан артық демалыс жоқ екен. 

"Демалу деген мен үшін шартты нәрсе. Бала-шағамның, ағайынның ортасына барсам, ол маған демалыс. Солармен араласып, әңгімелесіп, дидарласып отырсам, ол да маған демалыс. Курорт деген он күн ғана. Шетелге бармаймын. Бұрын барғанмын, биыл бармаймын. Ондай жоспарымда жоқ, елде боламын. Өйткені мені күтіп жүрген адамдар көп. Қыс бойы бара алмаған ағайын- туыстар бар, солар күтіп жүр. Сіздер жастар бізді әлі түсінбейсіздер, үлкейген кезде ғана түсінсіздер", — дейді Мәжіліс депутаты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1541275-kanikulgha-shyqqan-deputattar-zhazghy-de.html