RU

ҰБТ-дан ең жоғары ұпайды еншілеген түлек өз көрсеткішіне көңілі толмады

Биыл бірде-бір түлек Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең жоғары көрсеткішіне жете алмады. Білім министрлігінің мәліметі бойынша, ел көлеміндегі орташа балл – 80. Тест тапсырған 88 мыңнан астам түлектің 84 пайызы шекті 50 балдан асса, 16 пайызға жуығы межеге ақыры жете алмапты деп хабарлайды КТК арнасы.

"ҰБТ тапсыру талаптарын бұзғаны үшін, нақтырақ айтсақ ұялы телефон алып кірмек болған 12 түлек емтиханнан қуылды. Жалпы 84 мыңнан астам тыйым салынған зат тәркіленді. Оның тең жартысы электронды қондырғылар болса, қалғаны дәстүрлі шпаргалка", - деп мәлімдеді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.

Ел бойынша ең жоғарғы нәтижені алматылық Саят Тасан көрсетті. Бес пәннен 139 балл жинаған түлектің десе де көңілі тоқ емес.

Тағы оқыңыздар: Қайрат, Димаш, Ninety one: Кімнің фанаттары мықты?

 

Емтиханға екі жыл қатарынан дайындалған оқушы толық 140-ты аларына сенімді болыпты. Тіпті берілген уақытты толық пайдаланбай, тапсырманы аяқтап ерте шығып кеткен.

Саятты сүріндірген жалғыз сұрақ, күтпеген пәннен, оқу сауаттылығынан келіпті.

"Бір балл ғана жетпей қалғаны шынымен менің көңілімді түсіріп жіберді. Сондықтан мен қатты қуандым деп айта алмаймын. Маған қарағанда менің ата-анам, ұстаздарым, туысқандарым қатты қуанды", - деп ағынан жарылды Саят.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1541906-ubt-dan-enh-zhoghary-upaydy-enshilegen-tul.html