RU

500 теңгенің шалбарын киетін ақтөбелік миллионер бай болудың құпиясын айтты

Президенттің өзі арнайы келіп ашқан Ақтөбедегі алғашқы "Нұрдəулет" мешітінің қожайыны Мақсат Байжарқынов NUR.KZ порталына бүгінгі жағдайын жайып салды. Қаланы көркейтуге миллиондап ақша шығарып отырған кəсіпкер жергілікті биліктен қысым көріп отыр.

"Елбасының өзі кəсіпкер халықты жұмыспен қамтамасыз ету керектігін айтып отыр. Біз ел саясатын қолдаймыз. Мен қайырымдылықты əкімшілікке емес, қарапайым халыққа таратып бергенді қалаймын. Қазір биліктің бізді түртпектеуі көбейді. 70 жастағы кемпірімді сотқа берді", - дейді кəсіпкер Мақсат Байжарқынов.

Осыған дейін "Нұрдəулет" ЖШС-нің алдында тұрған хайуанаттар бағы жабылған болатын. Кəсіпкер шетелден əкелген керік пен арыстанды тегін қайтарып жіберді. Сауда орталығының ауласына салынған балалар алаңының жартысы бұзылды.

Тағы оқыңыздар: Өз елінде қысым көрген Өзбекстан азаматы Қазақстаннан көмек сұрап отыр

"Тəуелсіздік монументін алып қалып отырмын. Айналасына гүл егіп қоямыз. Олар соны көре алмай отыр. Қалалық əкімдік сол жерге донер орталығын ашқысы келді. Олар донер ашу үшін өзбектер мен оңтүстіктегілерді əкеліп жатыр. Қала көшелеріндегі барлық аялдамаларды соларға берген. Орталық стадион жанындағы құрылыс салуға болмайтын қызыл жолақ жатқан жерге тамақтану орнын салып жатыр. Көшедегі аялдамалардың бəрінің бір жағынан гүл, екінші жағынан самса сатады. Мен жамандап отырған жоқпын. Мен дүкен мен мешіт айналасындағы жерді 60 миллион теңгеге сатып алдым. Құрылыс үшін емес, абаттандыру үшін. Əкімдіктегілер басқа жерге тəуелсіздік монументін салып бер, содан кейін балалар алаңын көреміз деп отыр. Біз алдымен балалар алаңын заңдастырып беруді сұрап отырмыз", - дейді кəсіпкер.

Мұқтаж жандарға миллиондап қаржы бөліп отырған кəсіпкер өзі үнді тауарындағы ең арзан киімдерді киетінін айтты.

Тағы оқыңыздар: Алматыда $1,5 млн қарызын бергісі келмеген бизнесмен досын өлімші етіп сабап тастаған (фото)

"Мен 4 жасымнан жетім өстім. Қолымнан келгенше қарапайым халыққа көмектескім келеді. Өзім үнді тауарларынан киінемін. "Нұрдəулет" сауда үйінің 0-қабатында үнді киімдерін сатады. Футболкам 200 теңге, шалбарды 500 теңгеге алдым. Үйдегі барлық киімдерімді сол жерден алам. Менің ақшам жоқ емес. Балаларым маған қарап ысырапшылдықтан сақтанса деймін. Ал əйеліме туған күні сайын сыйлық жасаймын. Ол сырға, білезік, сақинаны жақсы көреді. Бұрынғыларын немерелеріне таратып отырады. Мен ақыл-есім дұрыс уақытымда қателіктер жібермеуге тырысамын. 30 жылдан аса мына кісінің заманында жұмыс жасадым. Жоғарыға іліп қоюымның себебі сол", - дейді Мақсат Байжарқынов.

Кəсіпкер кабинетіндегі президент портретінің астына Лениннің суретін ілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1542132-500-tenhgeninh-shalbaryn-kietin-aqtobelik-m.html