RU

Жедел жәрдем қызметіндегі ең көрікті ару жүкті әйелді үйінде босандырып алды (фото)

NUR.KZ порталында жүргізілген "Жедел жәрдем қызметіндегі ең көрікті ару" байқауында Алматыдағы № 3 станцияның фельдшері жеңімпаз атанды. Әлия Байхондиева 4100 дауыс жинаған. Үздік ондықты бастаған алматылық бойжеткен портал тілшісіне мамандығының қызықтарымен бөлісті.

Әлияның айтуынша, оның бір күні екіншісіне мүлде ұқсамайды.

Қызмет барысында ол түрлі адамдармен кездесіп, ерекше жайттардың куәсі болады екен. Сол үшін де Әлия өз жұмысын жақсы көреді. Оның дәл осы кәсіпті таңдауына әжесінің де ықпалы бар көрінеді.

"Әжем 45 жыл хирургия бөлімінде қызмет етті. Мен көзімді ашқалы сол кісінің жұмысымен жақсы таныспын. Әжемнің жанында жүріп, медицина саласына деген сүйіспеншілігім оянды.

Ол маған 3-4 сыныптан бастап жараны таңу сияқты жеңіл желпі медициналық көмек көрсету жолдарын үйретті. Міне, сондықтан болар мен үшін мектеп бітірген соң мамандық таңдау қиынға соққан жоқ. Бірден республикалық медициналық колледжге оқуға тапсырдым", - дейді бойжеткен.

Әлия осы қызметі барысында есінде қалған қызықты оқиғаларымен бөлісуді жөн көрді.

"Біз тәулік бойы түрлі адамдармен бетпе-бет келеміз. Олардың қайғысы мен қуанышына, көзіндегі үміт пен қорқынышына, амалсыздықтан жанарына үйірілген жасқа да куәміз.

Менің есімде қалғаны - 40 аптаға толып, айы-күні жетіп отырған жүкті әйелдің қоңырауы. Терапевт дәрігер екеуміз келіп жеткенде әйелдің толғағы қатты қысып жатыр екен. Қаладағы көлік кептелісінен перзентханаға жете алмайтынымызды ойлап, дереу үй жағдайында босандырамыз деп шештік. Сөйтіп жүкті әйелді аман-есен босандырып алдық. Қыз бала дүниеге келді. Кіндігін өзіміз кестік. Артынан анасы мен баласын перзентхана дәрігерлерінің қолына апарып табыстадық", - дейді Әлия.

Жас фельдшер өзінің қолы қалт етсе, саяхаттағанды ұнатады екен.

Алайда ол тағы бір медициналық мекемеде мейірбике болып қызмет ететіндіктен, бос уақытының аз екенін айтады.

Ол стресске толы жұмыс, айлықтың төмендігіне қарамастан өмірлік мамандығын адаспай таптым дейді.

"Тәулігіне тым болмағанда бір адамға көмегім тисе, мен сол күнді босқа өткізбедім деген сөз", - дейді жедел жәрдем фельдшері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1542434-zhedel-zhardem-qyzmetindegi-enh-korikti.html