RU

Құдалық маусымы: Базарда қырғыз шапанының саудасы қызып тұр

Шымкенттік қолөнер орталығында қазақша ою-өрнектермен өрнектелген жеңiл жейделер сатылымға шығарыла бастады. Көшеге де, жұмысқа да, тiптi спорт залдарына да киiп баруға болатын ұлттық киімдердің көпшілігінің бағасын халықтың қалтасы көтермейдi деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан газетіне сілтеме жасап NUR.KZ.

Созақ ауданының тұрғыны Айжан Төребекова жақында шағын тiгiн цехын ашқан. Онда қыз-келiншектерге өмiрдiң кез келген сәтiнде киiп жүруге арналған киiмдер тiгiледi. Ол өзiнiң қолтаңбасын қалдыру үшiн киімдердің жағасын ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен бедерлейдi екен.

"Отандық дизайнерлердiң көпшiлiгi ұлттық нақыштағы киiм үлгiлерiне бағалы маталарды пайдаланады. Оған ою-өрнектер салып, оны түрлi әшекей тастармен безендiредi. Мұндай дүниелердi жасауға ұзақ уақыт кетедi. Сондықтан да олардың құны қымбат. Менiңше, бiз ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшiн оларды жалпыға бiрдей қолжетiмдi етуiмiз керек. Жасыратыны жоқ, қазiр ұлттық нақыштағы киiмдерiмiздiң бағасы еуропалық брендтердi жолда қалдырады", - дейдi ол.

Тағы оқыңыздар: Еліміздің бірқатар аймақтарында қатты ыстықтан өрт қаупі сақталады

Айжанның топтамасындағы көйлектер 10-15 мың теңгенiң аралығында.  Ал, жоғарыда аталған қолөнер орталығының дүкенiндегi осындай жеңiл жейделер 4 мың теңгеден сатылуда. Олар бiр түстi жеңiл жейделердi Түркиядан әкелiп, дайын өнiмнiң алдыңғы жағын ою-өрнектермен көмкерiп жатыр екен. Әйтпесе, бұл дүкенде ұлттық нақыштағы киiмдерге екiнiң бiрiнiң қолы жете бермейдi.

Мәселен, мұнда жағасы өңiрiне дейiн таза iшiкпен жұрындалған шапандар 300 мың теңге тұрады. Кейiнгi кезде ұзын және қысқа шапан мен бас киiм жиынтық ретiнде сатыла бастапты. Оны 250 мың теңгеге ала аласыз. Той иесi бес ақсақалға мұның бесеуiн тарту ететiн болса, онда бұған қанша қаржы жұмсайтынын есептей берiңiз... Ал, Бiшкекте тiгiлген шапандар базарларда 3 000 теңгеден сатылуда. 

Ұлттық киiмдердi сататын сауда орындары көбейiп келе жатқанымен, онда сатушылардың күн ұзаққа бос отыратынын байқауға болады. Өйткенi, тауарлары тым қымбат. Ал, есесiне базарларда Қырғызстан, Өзбекстаннан әкелiнген шапан мен қамзолдардың саудасы қызып тұр.

Тағы оқыңыздар: Жедел жәрдем қызметіндегі ең көрікті ару жүкті әйелді үйінде босандырып алды (фото)

Айта кетейiк, Қырғызстан халқының денi жеңiл өнеркәсiппен айналысып, өзiн-өзi жұмыспен қамтып отыр. Ел үкiметi осыны ескерiп, кәсiпкерлердi салықтан босатқан. Онда тiптi 100-ден астам адам жұмыс iстейтiн өндiрiс орындары да мемлекетке салық төлемейдi екен.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1542596-qudalyq-mausymy-barakholkada-qyrghyz-sh.html