Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызмет бабында көз жұмған СОБР ісіне қатысты тың деректер шықты (фото)

Опубликовано:

Алматы-Қапшағай экологиялық бекетінде қызметте тұрып, көлік апатынан қаза болған Жандос Нұрғазиевке қатысты тың деректер шықты деп  хабарлайды NUR.KZ порталы. Жол апатын туғызды деп айыпталып, 2 айға қамауға алынған Рахымжан Есенбаевтың баласы Рамазан Есенбаев редакциямызға келіп, әділдік іздеп жүргенін айтты.

«Барлық БАҚ беттерінде капитан Жандос Нұрғазиевті басып кеткен жүргізуші ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына 2 айға соттың шешімімен қамалды деген хабарлама жүр. Шын мәнісінде, полицейді таптап кеткен азамат Андрей В.Б. бостандықта, тіпті оның үстінен қылмыстық іс те  қозғаған жоқ.  Апат кезінде «Басымнан соққы алдым» деп ауруханаға жатып алып, үйіне енді кетті. Ал менің әкем Рахымжан Есенбаев полицейді қақпаса да түрмеге жабылды», - дейді Рамазан Есенбаев.

Рамазан Есенбаевқа  тергеушілер адамды таптап өлтірген жүргізушінің бостандыққа шығып, жол ережесін бұзған адамның қамауға алынғанын түсіндіруге тырысқан. 

«Менің әкемнің үстінен ҚР қылмыстық кодексіндегі 343 баптың  3 тармағы бойынша іс қозғап отыр. Бұл дегеніңіз - жол ережесін өрескел бұзу арқылы жол апатын жасап, абайсызда адам өлтіру деген бап. Егер қылмысы дәлелденсе  5 жылға сотталып кетуі мүмкін.  Әкемнің бар кінәсі - полицейдің «тоқта» деген белгісіне бағынып, көлікті оңға бағыттап тоқтауға бет алғаны. Осы кезде артқы жақта үлкен жылдамдықпен келе жатқан жүк көлігі әкемнің КАМАЗ көлігінен қашып барып, СОБР қызметкерін таптап кетіп отыр. Шындап келсек, бұл жерде полицейлердің де кінәсі бар. Көліктерді жаппай тоқтатып, апаттық жағдай туғызған»,- дейді күдіктінің баласы.

Полицейді таптап кеткен жүргізуші неге ұсталмады?

«Тергеуші маған «Андрей В.Б.-ның ісі бойынша сараптама жасалуда. Егер кінәлі деп табылса, ол да қамауға алынады. Сараптама дайын болмай мен оның үстінен қылмыстық іс қозғамаймын. Ал әкең адам өліміне әкеп соққан жол апатына себепкер» дейді. Бізде оқиға болған жердегі видео бар. Сол жерде полицейді қаққан жүргізуші үлкен жылдамдықпен жүргені анық көрініп түр. Мен біреуді кінәлағым келмейді. Тек әділдік іздеймін. Адамды көлігімен қаққан бостандықта жүріп, ереже бұзушының абақтыға жабылуы әділетсіздік. Егер екі жүргізушіні де бірдей қамап қойса, біз бұлай наразылық білдірмес едік. Мына жағдай біздің отбасының жанына қатты батып жатыр», - деді ол.

Ереже бұзушы ешқашан жол апатын жасамаған

Рамазанның сөзінше, жол ережесін өрескел бұзған 57 жастағы Рахымжан Есенбаев 25 жылдан астам уақыт қалааралық ауыр жүк көлігін жүргізіп келе жатқан тәжірибелі жүргізуші. Осы күнге дейін ешқандай жеңіл-желпі жол көлік оқиғасын жасамапты. Тіпті оқиға болған күні де трасса бойымен сағатына 50 шақырыммен келе жатқаны тергеу парағына тіркелген екен. Әділдік іздеген ұл әкесінің жазасын жеңілдету үшін сотқа да шағым түсіргенін айтады.

Естеріңізге сала кетсек,  өткен аптада Алматы қалалық ІІД-нің полиция қызметкері Алматы-Қапшағай жолында қаза болған еді. 

Полиция капитаны Жандос Нұрғазиев экобекетте қызмет етіп тұрғанда 1987 жылғы «МАЗ-642208» көлігінің жүргізушісі Андрей есімді азамат рөлді басқара алмай, СОБР сарбазын қағып, ол оқиға орнында көз жұмған болатын.

Полиция капитаны 1986 жылы туған Жандос Нұрғазиев Алматы ІІД жедел әрекет ету жасағында, ішкі істер органында 2009 жылдан бастап аға инспектор болып қызмет етті. Үйленген, екі баласы бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1542653-qyzmet-babynda-koz-zhumghan-sobr-isine-q/

pixel