RU

Шымкентте жалғызбасты 83 жастағы қарт ананың үйі өртеніп, көшеде түнеп жүр

Шымкентте жалғызбасты 83 жастағы қарт ананың үйі өртеніп кетті. Соның салдарынан далада қаңғып қалған ана көшеде түнеуге мәжбүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқыс оқиға он күн бұрын қарт ананың жақын туысының жаназасына кеткен кезде орын алған. Жатын бөлменің электр шамынан тұтанған жалын үйдің ішін алып кеткен. Шыға беріс есіктің маңы отқа оранғанда қарт ана үйіне оралыпты.

Оның жанайқайына бірінші көршілері жетіп, өртті сөндірмек болған. Алайда одан нәтиже шықпапты. Онсыз да баласы мен қызы қайтыс болған әйелдің халі мүлдем мүшкіл еді.

Енді шарпыған жалын жығылғанға жұдырық болды. Себебі, бес жылдан бері жалғыз тұратын баспанасы мен азын-аулақ дүние-мүлкі жанып кетті.

Тағы оқыңыздар: "Сыбағаның" керегі жоқ: Өзіне тиесілі ақшасын ала алмаған шаруа жанайқайын жеткізді

Одан кейін жақын маңдағы көршілер оның ас-суын дайындап, кешке кезекпен үйлеріне қондырған. Қиналған сәтте қолтығынан демеп, қолдау білдіруде. Десе де көшілер уақытша қарайласқанымен баспанасын қайта қалпына келтіруге дәрменсіз.

Оларды әбігерге салмау үшін Рахима апа екі күннен бері далада қонып жүр. Жанып кеткен заттарына қараған сайын жаны жабырқайды. Өйткені тамақ әзірлейтін ыдыс-аяғы да жарамсыз. Қанша қиналса да Жаратқанның сынағына сабыр сақтап, шүкір,-дейді. Қажыған қарт қамқорлық жасап, сауапқа кенелгісі келетін азаматтар болса деп іштей армандайды.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1543392-shymkentte-zhalghyzbasty-83-zhastaghy-qart.html