RU

Дәрігерлердің кесірінен соқыр болып қалған сәбидің көзі көре бастады

Дәрігерлердің салғырттығынан бір көзі соқыр болып қалған үшемнің сыңары енді көре бастады. Ата-анасы Қаскелеңде туылған үшемнің сыңары Аянаның жанарына Ресейге барып ота жасатып келді деп хабарлайды Алматы арнасы.

Тоғыз баласы бар жағдайы төмен Ысқақовтар әулетіне қызды емдету үшін қайырымды жандар көмек беріпті. Көрші елдің ақ халаттыларынан ем алып келген қыздың жағдайы жақсарған. Алайда, ресейлік дәрігерлер де Аянаның бір көзінің көрмей қалуына нақты не себеп болғанын дөп басып айта алмай отыр.

Бүлдіршіннің бір көзінің мұндай күйге түсуіне ата-анасы алғашқыда Қаскелеңдегі дәрігерлерді кінәлаған болатын. Енді Алматыдағы көз аурулары ғылыми-институтындағы ақ халаттыларды да жазғырып отыр.

Тағы оқыңыздар: Францияда бетперде кигендер мешіттен шығып келе жатқан адамдарға оқ жаудырған

Бір көзі көрмей қалған Аянаға Қаскелеңдік дәрігерлер Алматыдағы көз ауруларын емдейтін институтқа қаралуға жолдама берген. Ал ондағыдар сәбидің ауруының нақты себебін таппай, Ысқақовтарды сенделтіп қойған көрінеді. Өз кезегінде облыс медиктері Аянаның жүрегінде ақауы бар деп, түрлі ауруларды қосымша жалғап берген. Бұдан соң, институттағылар соқыр қызын арқалап қала мен ауыл ортасында шарқ ұрған ата-анаға қолдарын бір сілтепті.

Отандық дәрігерлерден қайыр болмағасын, шарқ ұрған ата-ана қыздарын іргедегі Ресейге емге апаруды ұйғарыпты. Алайда, Аянадан бөлек тағы сегіз баласы бар отбасы емге ақша таппай қиналған. Көп ұзамай, қайырымдылық қорына жағдайын айтып, көмек сұрапты.

Тағы оқыңыздар: Аты әлемге әйгілі Трамп журналистерді "мазақ" қылғаны үшін сынға қалды

Жаны жомарт жандар ораза кезінде қыздың отасы мен жолына 1,5 млн теңге жинап берген. Бұл қаржыға анасы дереу қызының көзіне Санкт-Петербургтегі ауруханадан ота жасатып келді. Қазір қыздың жанары көре бастады.

Ақ халаттылар Ысқақовтар отбасына шілденің ортасында қызды қайта отаға әкелуді тапсырыпты. Әрі, сол отадан соң Аянаның көзінің не себепті көрмей қалғаны белгілі болмақ.

Айта кетсек, ата-анасы үшемнің бірін шетінетіп, енді бірін зағип қыла жаздаған Қаскелеңдік дәрігерлердің үстінен арыз түсірген болатын. Қазір бұл іске байланысты тергеу жүргізілуде.

Қыздарының көрмей қалуына тікелей дәрігерлерді кінәлаған отбасы олардың енді тиісті жаза арқалауын тілеп отыр. Сондай-ақ олар Аянаның кезекті ота жасауына қайырымды жандардан көмек күтуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1543884-darigerlerdinh-kesirinen-soqyr-bolyp.html