Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құдалық басталды: Қазақтар қырғыз бен қытай тауарларын барахолкадан "көшіріп" әкетуде (фото)

Опубликовано:

Қазақстанда оразадан кейін жаппай той жасау маусымы басталды. Алматының атақты барахолкасында қырғыз бен қытай тауарларының саудасы қызып жатыр. Құдалықта бір-біріне киіт кигізбей жібермейтін қазақтар базарларды «көшіріп» әкетуде деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Жаз мезгілі – тойдың маусымы. Қасиетті Рамазан айының маусыммен тұспа-тұс келуіне байланысты елімізде той жасау жаз басында біраз саябырсып қалған еді. Ал қазір еліміздегі ең үлкен базар Алматыдағы барахолкаға келген ел-жұрт тойдың қамына қызу кіріскен.

Құдалық маусымының ашылғанын барахолкадағы жұртшылықтың киітке арналған киім іздеп сабылып жүргенінен аңғаруға болады.

Мақсұт базарда жаз маусымында тек құдалыққа арналған тауарларды сатумен айналысады. Сөресінде қырғыз, қытай мен қатар Шымкентте де тігілетін тауарлар бар.

Айтуынша, жазда той жасап, құда күтетіндер қарасы көбейгендіктен мұндай заттарға сұраныс көп. Жасанды тондар 7-10 мың теңге, ерлерге арналған ішіктер 10-15 мың теңге тұрады. 

"Бізде қымбат киіттер жоқ. Өйткені қалталы адамдар бұл базардан киіт іздемейді. Ондай заттарды қаласаңыз қаладағы дүкендерде толып тұр. Мұнда көбінесе ақшасы көп емес қарапайым тұрғындар келеді. Ауылдан Алматыға арнайы "құдалықтың заттарын" іздеп келетіндер біздің негізгі тұтынушыларымыз.

Олар жасанды теріден жасалған әйелдердің тондары мен ерлердің ішіктерін, жасанды тері күртеше, қытайлық пальто сияқты киімдерді сұрайды. Тауар ассортиментімізді де соған лайықтап жасаймыз. Көрші елдер де біздің осал тұсымызды жақсы зерттеп біліп алған (күледі). Бұрын Қытайдан (тауарды) алатын едік, қазір Қырғызстан жақсы тігетін болды, сол жақтан тасымалдаған арзанға түсіп отыр", - дейді ол.

"Сырты бүтін, іші түтін" деген мәтел осындай арзанқол құдалық тауарларына арналып айтылғандай әсерде қаласыз. Мысалы, мына ерлер костюмі 7000 мың теңге. Оның отаны - Қытай. Сатушының айтуынша, Түркияда жасалған деген этикет қағазы жапсырылған костюмдер Шымкентте де шығарылады.

Әрине, мұндай киімдердің кәдеге аспайтыны белгілі. Жылдар бойы құдалықтан құдалықты шарлап жүрген киіттер қазір екінің бірінің үйінде сандық түбінде жатыр. Ал мұны кәсіп көзіне айналдыра білген елдер ақшаға батуда.

Мәселен, тігін өнеркәсібінің арқасында Қырғыз елі соңғы жылдары 650 млн доллар табысқа қол жеткізген. Бұл туралы gezitter.org сайты көрші елдің вице-премьер министрі Олег Панкратовқа сілтеме жасап хабарлады. Оның айтуынша, Қырғызстанда тігілетін киімдердің 90%-ы Қазақстан мен Ресейге жөнелтіледі.

Киіт ретінде берілетін сыйлардың бірі - алтын бұйымдары.

Барахолкадағы алтын сататын базарда да құдағи-құдашаға әшекей бұйым таңдай алмай әуре болып жүрген жұрттың қарасы көп.

Cолардың бірі - алматылық Раушан Белғозы. Ол жақында келін түсірмек. Айтуынша, киітті ата дәстүрге сай міндетті түрде кигізу керек. Алайда ол келінінің туған туысын түгендеп бәріне қымбат алтын, гаухартас беруді ысырап деп есептейді.

"Біз болашақ құдағимен келісіп, ол жаққа 10 алтын апарамыз деп шештік. Оны қандай туысына беретінін өздері біледі. Алтыннан бөлек жағалы киім дайындадық", - дейді құда күтуге дайындалып жүрген Раушан.

Киіт кигізу-кигізбеу туралы дау соңғы кезде жиі көтеріліп жүр. Киіт тұрмақ той жасамай, сол ақшаны екі жасқа берген адамдар да ұшырасып жүр. Алайда, оның қаншалықты дұрыс-бұрыстығы әркімнің өзі шешеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1544232-qudalyq-bastaldy-almatyda-kiitke-arn/

pixel