RU

Сал қызын 8 жыл бойы арқалап оқытқан Қытай қазағы жұрттың жүрегін елжіретті (фото)

Үш жасында көлік апатынан екі аяғы бірдей істемей қалған қызын 8 жыл бойы арқалап оқытқан Қытай қазағы Тоқтау Қадырұлының қайсарлығы миллиондаған жанның жүрегін тебірентті деп жазады Қамшы порталы.

"Тоқтау Қадырұлы бұл күнде елуді еңсерді, оның 15 жастағы қызы Бағжан үш жасында көлік апатына ұшырап екі аяғынан салданып қалған. Бағжан бастауышқа оқуға түскеннен бастап, әкесі оны мектепке арқалап апарып, арқалап қайтып келеді, содан бері әкесі машақатқа толы сегіз жылды артқа тастап, қызының оқу арманы үшін асқар таудай сүйеніш болды", - деп жазған басылым отбасындағы ауыр қайығының қалай болғанын баяндайды.

"Тоқтау Қадырұлы - Тоғызтарау аудандық көшпенділер мекемесінің қызметкері. Оның мейірімді келіншегі, сүйкімді екі қызы бар еді. Бір үйлі жан шат - шадыман тұрмыс кешіп жатқан еді. Ойламаған жерден 2004 жылы болған көлік апаты осы бір үйлі жанның тағдырын өзгертіп жіберді. Тоқтау Қадырұлының миы зақымдалып, бір ай дегенде есін жинаса, екінші қызы Бағжан екі аяғынан салданып қалды. Тоқтау сол кезді есіне алып: «Есімді жиғанда ғана қызымның осындай күйге душар болғанын білдім, сол жолы оны үйде қалдырып кетпегеніме қатты өкінемін, бұл менің өмірлік өкінішіме айналды", - дейді.

Тоқтау кейінгі күндерде қызын Үрімжі, Бейжің, Шанхай сияқты қалалардың көптеген ірі емдеу мекелеріне апарып, мамандардан кеңес сұраған, ондаған жылдар бойы күдерін үзбей, қызым тік тұра алса болды, ештеңеден аянбаймын деген ниетте болған. Десе де, ол соңында аянышты тағдырға мойынсұнуға мәжбүр болды.

Оқудағы алғашқы күннен бастап Тоқтау қызын мектепке арқалап жеткізіп, арқалап қайтып жүреді. Қайсар әке ешуақытта қызын мектепке кешіктіріп апарған емес. Күн сайын ол қызының түскі асын мектепке жеткізіп, қызы тамақтанып болғанда ғана мектептен алаңсыз қайтады. Түстен кейін балалар тарағанда ол мектепке тағы да уақытында барып, қызын алып қайтады. Көзді ашып-жұмғанша сегіз жыл өте шықты.

Бұл күнде Тоқтау елуді еңсерді, қызы да сегіз жылдық мектепке түсті. Тоқтау әлі де әуелгідей жауын – шашынды елең құрлы көрмей қызын арқалап оқытумен келеді. Олар үшінші қабатта тұрады, қызын арқалап шығу оған уақыт өткен сайын қиын сезіле бастады. Бұрын Тоқтау қызын арқалап демалмай шыға беретін, қазір бірнеше рет демалуына тура келеді. Қайсар әкенің бүгінде үшінші қабаттағы үйін сатып, бірінші қабаттан үй алуды ойлап жүр.

"Қызымды мектепке жеткізуде ежелден шаршауды білмедім, осы жолдан танбаймын, қызым жақсы оқыса болды, барлық қиыншылықты жеңіп, оның мүмкіндігінше жоғары білім алғанын қалаймын", - дейді Тоқтау.

Айта кетейік, әкесін нағыз қаһарман деп санайтын Бағжан - сыныптағы 5 озат оқушының бірі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1544240-sal-qyzyn-8-zhyl-boyy-arqalap-oqytqan-qyt.html