RU

Ақтөбеде төрт рет сотталса да, түзу жолға түспеген әйел тағы да сот алдына келді

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында қауқарсыз қариялардың алтын сырғасын ұрлаған әйел сотталды. Ол жасы келген адамдарды "құлағыңызда құмырсқа өріп жүр" деп алдапты. Бұл туралы Керек Инфо хабарлайды.

40 жастағы әйелдің осыған дейін қарияларды алдағаны үшін бірнеше рет істі де болған. Соңғысында биыл наурыз айында сот үкімімен үш жылға сотталған. Дегенмен кішкентай балалары болғандықтан, жазасын өтеу мерзімі бес жылға кейінге қалдырылған.

Алайда әйел жаман әдетін әлі қоймаған болып шықты. Алдымен 78 жастағы қарт әжейді алдап, пәтеріне кіріп, банкомат карточкасы мен бір сыңар алтын сақинасын білдіртпей, жымқырып кетеді. Зергерлік бұйымды ломбардқа өткізіп, кейуананың зейнетақысын шешіп алады. Сөйтіп, барлығы 53 мың теңгені өз қажетіне жаратады. Ал қарт әжей ПИН-код нөмірін банк карточкасының сыртына жазып қойған екен.

Тағы оқыңыздар: Жезқазған түрмесінде өзіне "қол салған" әйелдің мәйіті жақындарын шошытты (фото)

Он күннен соң әйел тағы бір қандыағаштық тұрғынды алдап соққан. 76 жастағы әжей оны танымайтын болып шықты. Соған қарамастан, әйел оны "көршіңмін" деп сендіріпті. Қызы келгенше, пәтерінде күте тұруға сұранған. Ақыры жәбірленушінің жасының үлкендігін пайдаланып, "құлағыңызда құмырсқа өріп жүр" деп құлағындағы алтын сырғаларын шешіп алған.

Келген шығын 25 мың теңгені құрайды. Сотта әйел бұл әрекетке қаржы тапшылығынан барғандығын мойындапты. Мұғалжар аудандық соты үкім шығару барысында оның төрт рет сотталса да, түзу жолға түспегендігін ескерді. Сөйтіп, үш жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Мұғалжар ауданы Басшиелі ауылының тұрғыны сот залынанан қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1544631-aqtobede-tort-ret-sottalsa-da-tuzu-zhol.html