RU

Жамбыл облысында безгек ауруын жұқтырған әйел көз жұмды

Жамбыл облысында қауіпті кеселді жұқтырған 39 жастағы әйел көз жұмды деп хабарлайды КТК арнасы.

Бес баланың анасын дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмапты. Өйткені оған дер кезінде дұрыс диагноз қойылмаған. Тек өлгеннен кейін ғана марқұмды кене шаққаны белгілі болып отыр.

Басы ауырып, жүрегі айныған келіншек бірінші күні ауылдық амбулаториядан екпе алумен шектелген. Тек, ертесіне аудандық ауруханаға барып, кеуде тұсы ауыратынын айтыпты. Сөйтіп оның асқазанында ойық жарасы бары анықталып, ем жасалады.

Тағы оқыңыздар: Тойдағы жігіттердің әрекеті жұртты күлкіге қарық қылды

Алайда сол күні кешке науқастың хәлі күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған. Бірақ арада бір сағат өтпестен әйел көз жұмды. Кене шаққанын дер кезінде білмегендіктен, марқұмның ауруы асқынып кеткен деген болжам бар.

Өйткені оның тік ішегінен де қан кетіпті. Ал 39 жастағы келіншектің безгекке ұшырағаны бақилық болған соң ғана анықталды. Көз жұмған әйелдің күйеуі екеуі қойлы ауылда мал баққандықтан, кеселге сол жерде душар болуы мүмкін екендігі айтылуда.

Тағы оқыңыздар: Назарбаев Ресей мен Украинаны қайта татуластырмақ

Қайғылы жағдайдан соң жайлаудағы мал-жан мен қора-қопсы түгел залалсыздандырылды.

"Марқұммен елу адам қарым-қатынаста болған. Оның 14-і өзінің жақындары болса, 36-сы медицина қызметкерлері. Қазір олардың 12-сі ауруханада ем алып жатыр. Әзірге ешбірінен қауіпті кеселдің белгілері байқалған жоқ. Жалпы жыл басынан бері облыста 4 адамды кене шағу дерегі тіркелсе, біреуі көз жұмып отыр. Біреуі сауығып кетсе, екеуі әлі ем алуда", - дейді Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Пак.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1544745-zhambyl-oblysynda-bezgek-auruyn-zhuqty.html