RU

Талдықорған балабақшасындағы жантүршігерік жайтқа қатысты жаңа дерек шықты

Талдықорғандағы балабақшалардың бірінде қайғылы жағдай болды. Мектепке дейінгі мекеменің бір тәрбиеленушісі шетінеп, тағы бірі ауыр халде ауруханада жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Бүлдіршіндердің аяқ асты басы айналып, жүрегі айнып құлаған. Тәрбиешілер басында олардың ата-аналарын күтіпті. Ал ауруханаға алып барғанда тым кеш болған. Осы оқиғадан кейін талдықорғандық ата-аналардан маза кетті. Көбі ұл-қыздарын үйден ешқайда шығармай отыр.

Тағы оқыңыздар: Жамбыл облысында безгек ауруын жұқтырған әйел көз жұмды

Қайғылы оқиға Талдықорғандағы нөмірі бірінші балабақшада болды. Құлдыраңдап шауып жүрген құлыншақтардан түс ауа маза кеткен. Бұны тәрбиешілер де байқапты. Бірақ жедел жәрдем шақырмаған.

"Демалысқа жатқызғаннан кейін сағат екі жарымда температурасы көтеріледі. Келіп маған медсестра айтты температурасы көтерілді деп. Мамасына қайта-қайта қоңырау шалып едік телефонына жауап бермеді. Кешке анасы келді. Бәрін айтып едік нөмірімді ауыстырдым деп кешірім сұрады", - дейді №1 балабақшаның меңгерушісі Марина Мәмбетова.

Жасы төртке де толмаған ұл баланы анасы да үйге апарып өзі емдемек болған. Одан жағдай өзгермейді. Ал түнгі үштер шамасында аураханаға жеткізеді. Бірақ жарты сағатта бала шетінеп кеткен. Ауруы асқынып түскен екінші бүлдіршінге дәрігерлер барлық ем-домды жасап жатыр.

"Бұл бала 29 күні қызуы көтеріліп, басы ауырып, жүрегі айнып түскен. Менингит деген диагноз қойылды. Барлық емді жасап жатырмыз. Қазір жағдайы орташа", - дейді дәрігер Олег Ким.

Тағы оқыңыздар: Шымкентте қымбат көліктегі үш жігіт соңына түскен полицейлерді аяусыз сабап тастады (фото)

Алматы облысының орталығындағы мемлекеттік балабақшада болған бұл оқиға талдықорғандық ата-аналарды алаңдатып отыр. Нөмірі бірінші мектепке дейінгі мекемеге бұған дейін 265 бала барып жүрсе, бүгінде оның тек 35-сі қалған.

Алайда қалалық білім басқармасы дүрлігуге себеп жоқ деп отыр. Олар бір тәрбиеленушісі қайтыс болып, енді бірі ауруханада жатқан балабақшаға тексеріс жүргізіп, ешқандай кінәрат таппапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1544763-taldyqorghan-balabaqshasyndaghy-zhantur.html