RU

Миллиардтаған қаржыға салынған Астананың ең үздік 7 нысаны (фото)

Жас қала Астана бекерден «Арман қала» деп аталмаған. Себебі, күн санап құлпырған шаһарды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Астаналықтардың келген қонаққа қоятын алғашқы сұрағы «қаламыз ұнады ма?». Әрине әсем мегаполис тұрғындардың да басты мақтанышы. NUR.KZ порталы Астанаға жол тартсаңыз қаладан "көруге міндетті" деген ең үздік 7 нысанды назарларыңызға ұсынады. Себебі, аталған ғимараттар қазынадағы миллиардттаған қаржыға салынған сән-салтанатымен ерекше қайталанбас туындылар болып саналады.

«Астана Опера» опера және балет театры

Құрылысы 2010-2013 жылдары арасында қарқынды жүрген ғимаматқа қазынадан 320 миллион доллар бөлінген. Сыртқы және ішкі көркін сәндеу үшін әлемнің 33 елінен келген дизайнер мен сәулетшілер жұмыс жасапты.

Жалпы жобаның авторы – швейцарлық архитектор Беджет Паколли. «Астана Опера» театрының ішкі әдемілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Тағы оқыңыздар: Ресей мен Иран АҚШ-тың орынсыз килігуіне бірлесе қарсы тұрмақ

Мұндағы шамдардың өзі богемдық әйнектердер жасалған.

Ал, ғимараттың іші сицилиялық мәрмәрмен қапталып, сырты суальдық алтынмен жалатылған. Шаңырақтағы суреттен бастап, табалдырықтағы оюға дейін итальяндық танымал дизайнерлер әрлеген. Есілдің сол жағынан орын тепкен театрға бірден 1250 адам сыяды.

Аумағы 64 мың шаршы метр болатын ғимаратты күтіп ұстау үшін ғана жыл сайын бюджеттен 5 млрд теңге қаржы бөлінеді екен. Әлемдік театрлармен бір сатыда тұратын «Астана Опера» театрынан қойылым көру әрбір қазақстандыққа қолжетімді. Студенттер үшін жеңілдік те қарастырылған, олар қойылымды 500 теңгеге тамашалай алады. Алайда ғимаратқа кіру үшін жігіттер смокинг, қыздар кеш көйлегімен келуге міндетті. Жәй киіммен сіз театрдың табалдырығын да аттай алмайсыз.

«Астана - Бәйтерек» монументі

Астаналықтардың арасында келген қонаққа Бәйтеректі көрсетпеу «күнә» деп саналатын қағида бар. Себебі, ол Астананың басты символы. Биіктігі - 105 метр, салмағы 1000 тонна болатын әлемнің еш жерінде қайталанбаған бірігей ғимарат.

Мұндағы шардың диаметрі- 22 метр, дүние жүзіндегі ең үлкені деп саналады, ал әйнегі 300 тонна, күннің түсуіне қарай құбылмалы.

Тағы оқыңыздар: Астана әкімі Әсет Исекешев Голливуд жұлдыздарымен кездесті

Ғимараттың ішіндегі президенттің қолтаңбасы да саф алтыннан.

Жобаның бастамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғанмен оның авторы, архитектор Ақмырза Рүстембеков. 2003 жылы қолданысқа берілген монументтің алғашқы құрылысына 6 миллион доллар жұмсалса, 2016-2017 жылдары арасында күрделі жөндеуден өтті. Оған Астана қаласының бюджетінен 1,4 млрд теңге бөлінген еді.

Соның 432 миллион теңгесі монументтің жаңарту жұмысына кеткен. Жөндеуден өткен ғимарат мамыр айының соңында ашылған еді. Су жаңа Бәйтеректі көру үшін астаналықтардың өзі кезекке тұруда.

Жөндеу жұмысынан соң мұндағы билет бағасы да өскен. Үлкендер үшін -700 теңге, ал балалар билеті 300 теңге.

«Хазірет Сұлтан» мешіті

2014 жылы қолданысқа берілген «Хазірет Сұлтан» мешіті тек Қазақстандағы ғана емес Орта Азиядағы ең үлкені болып саналады.

13 миллиард теңгеге салынған Алланың жердегі үйі еліміздегі ең қымбат қоғамдық нысандардың көшін бастап тұр.

Тағы оқыңыздар: Павлодарлықтар ЭКСПО билеттерін екі есе арзан бағаға сатып жатыр (фото)

18 мың шаршы метр жерде орналасқан мешіттің ішіне бір мезетте 10 мың адам сыяды.

Мешітте биіктігі 77 метр болатын төрт мұнара мен 52 метрлік он күмбезі алыстан мен мұндалап тұрады.

Күмбезі көк тіреген «Хазірет Сұлтан» мешітінің әрбір тасы Түркияның Изник қаласынан әкелінген. Ал, құрылысы мен сәулетіне 1500 жұмыскер жұмылдырылған.

Бейбітшілік пен келісім сарайы

Астана тұрғындарының арасында «Пирамида» деген атпен танылған ғимараттың негізгі атауы «Бейбітшілік пен келісім сарайы».

Пішіні пирамида іспеттес сәулетті нысан 2006 жылы қыркүйек айында салтанатты түрде ашылған. Болат пен тастан тұрғызылған сарай тек Астананың мақтанышы ғана емес, өзара рухани түсінушіліктің жаһандық орталығына айналды.

Ғимарат экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холлы тәрізді етіп салынған. Жалпы ауданы 25,5 мың м² ғимаратта ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, университет, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ секілді 105 бөлме бар.

Сарай ғимаратының құрылысы құбылмалы ауа райын ескере отырып салынған, оның кіре берісі жер астында орналасқан. Сарайдың авторы әлемге танымал британдық сәулетші Норман Фостер бір сұқбатында «ғимараттың жалпы құрлысына – инвесторлар тарапынан 30 миллион доллар кетті. Ал, маңыздылығын ескерсек ол баға жетпес нысан» деген.

Пирамиданың күмбезіндегі сүреттің өзі бір әңгіме. Елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген. Ғимаратқа кіру құны үлкендер үшін 600 теңге, ал балаларға – 400 теңге.

"Астана  Арена" стадионы 

Бір сәтте 30 000 көрермен сиятын "Астана Арена" әлемдегі қозғалмалы шатыры бар алты стадионның құрамына кіретін нысан. Стадион, ең алдымен футболға бағытталған.

Алайда бұл жерде спорттың басқа да түрлерінен жарыспен қатар, еліміздегі ең үлкен шаралар мен танымал жұлдыздардың концерттері де өтеді. Стадионның жылжымалы шатыры 20 минутта ашылып-жабылады.

Тағы оқыңыздар: Қомағай 10 минуттің ішінде 72 хот-дог жеп, рекорд орнатты

2009 жылы ашылған нысанның құрылысы үшін қазынадан 185 миллион доллар бөлінген. Жобаның авторы американдық «Populous» құрылыс компаниясы. Естеріңізге сала кетсек, 7-ші Азиада қысқы ойындарының салтанатты ашылуы да осы "Астана Аренада" өткен болатын. Ал, нысанға кіру құны ондағы өтіп жатқан шараларға байланысты 500 теңгеден жоғары.

Назарбаев орталығы

Жергілікті халық «Тоффи» деп атап кеткен Назарбаев орталығы - күллі әлемге белгілі архитектор Норман Фостердің туындысы.

Көпфункционалды ғимараттың аумағы – 28 мың шаршы метрден астам, 9 қабаттан тұрады. Мұнда Назарбаев мұражай орталығынан бастап, кітапхана, мәжіліс зал, тіпті, Елбасының жеке кабинеті де бар.

Мұражайда елбасыға тарту етілген құнды заттар сақталған. Олардың басым көпшілігі шетелдік қонақтар тарту еткен алтын, күміс пен бағалы тастардан жасалған. Тіпті, тұңғыш президенттің күнделігін да осы мұражайдан кездестіруге болады.

Ал, кітапханана қорында 460 мың дана кітап бар. Сәулетті орталықтың құрылыс құны қаншаға түскені белгісіз. Алайда Елбасының кітапханасы мен мұражайын көремдеушілер үшін жиі тегін экскурциялар ұйымдастырылып тұрады.

«Абу-Даби Плаза» кешені

Астанадағы ең қымбат ғимарттың бірі 2018 жылы қолданысқа беріледі. 75 қабаттан тұратын "Абу-Даби Плаза" кешенінің құрылысы 2010 жылы басталған болатын.

Шаңырағы аспанмен таласқан әйнек сәулеттің құрылысына 1,6 миллиард доллар қаржы бюджеттен емес Біріккен Араб Әмірлігінен келген инвесторлар құйған еді. Аталған ғимарат әлемдегі ең биік 14 ғимараттың бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Орта Азиядағы сәулет сүйсіндіретін, әрі маңызды үлкен кешен болады деп күтілуде.

Тағы оқыңыздар: Бес тіл білетін алматылық профессор "барахолкада" жалданып жұмыс істеп жүр

Астана қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда «Абу Даби Плаза» жобасы бойынша нысанның биіктігі 382 метрді құрайды. Аталған кешенде жоғары және орта сыныптағы 450 пәтер мен 2 қонақ үй салынатын болады. Сондай-ақ ойын-сауық, сауда және бизнес орталықтары да қарастырылған. Экспо-2017 көрмесі аясында кешеннің 14 қаббатты қонақ үйі қолданысқа берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1545269-milliardtaghan-qarzhygha-salynghan-asta.html