RU

Ақтөбеде үйі суға кеткен көпбалалы ана Сапарбаев берген пәтерде тұруға қорқып жүр

Көктемде болған тасқын кезінде Айгүл Бермұхамбетованың жалдап отырған баспанасы суға кеткен. Сегіз баласымен біреудің саяжайын паналап жүрген жалғызбасты әйелдің жағдайы ескеріліп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алған екен. Баспанаға қоса 500 мың теңгенің сертификаты қоса беріліпті. Бірақ, ақтөбелік әйел құжаты жоқ пәтерде қалай, кім болып тұрарын білмей дал деп жазады Kerek-info.kz.

Бірақ, ешқандай ақша алмағанын және пәтердің ешқандай құжаты жоғын алға тартқан әйел әлі баяғы сыз басқан саяжайында тірлік кешіп жатыр. Құрылыс жинақ банкінен есепшот та ашқан. Бірақ, 500 мың теңгесі әлі қолына тимепті. Сондай-ақ, үш бөлмелі пәтер кімнің атында, ол үшін несие төлеймін бе, қанша ақша төлеймін деген сұрақтар мазалап жүргенге ұқсайды.

"Сегіз баланың анасымын. Жолдасым бес жыл бұрын қайтыс болды. Жұмыс жасамаймын. Ең үлкенім жиырма жаста. Жұмыс жасайды. Өзі студент. Оқуының ақшасын өзі жауып отыр. Екі қызым он жеті, он сегіз жаста тұрмысқа шығып кетті. Қалғандары мектепте. Ең кенжем бес жаста. Алты баламмен бірге тұрып жатырмын. Жолдасым жүрек ауруынан көз жұмған болатын.

Жолдасым қайтқан соң, бір жылдай Әйтеке би ауылында тұрдық. Сосын қалаға келдім. Қалаға келгелі әр жерде жалдамалы пәтерде тұрдық. Бір жыл бұрын жақын құрбым маған көмек қолын ұсынып, бау бақша ұжымынан саяжайдың үйін берді. Құрбыма азғантай ақшамды беріп, сол үйде тұрып жатқан едік. Көктемде үйіміз суға кетті. Үйдің жағдайы нашар. Кешкілік салқын, ызғар болып жүр.

Биыл 7 мамыр күні облыс әкімінің қолынан “Нұр Ақтөбе” ықшам ауданынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Қасына бес жүз мың теңгенің сертификатын берді. Содан бері осы пәтерге түнеп жүрміз. Күндіз саяжайға келеміз. Берілген үйдің жағдайы белгісіз", - дейді ол.

Тағы оқыңыздар: 25 млн теңгені жеңіп алған "Қазақстан барысына" әкім Көшербаев үй сыйлады

“Бұл үйді несиеге бере ме, қанша жылға, бағасы қанша?” деген сұрақтар мазалайтынын жасырмайды ол. Әлі күнге дейін анық-қанығына көз жеткізе алмапты.

"Егер несиеге берсе, үйден бас тартамын деп отырмын. Несие төлейтін жағдайым жоқ. Қалтам көтермейді. Ешқандай келісім шарт жоқ. Әкімге кіре алмай жүргеніме екі ай болды. Бір хабарын білгім келеді. Құрылысжинақбанкіне барып есепшот аштым. Берілген бес жүз мың әлі түспеген. Ешқандай ақша жоқ. Сертификатта арнайы мөрі де басылмаған. Бұны да ойлап қорқамын. Ертеңгі күні сертификат жарамсыз деп айтса қайтемін. Сонда бұл қалай болғаны?", - дейді Айгүл Бермұхамбетова.

Ақтөбелік тұрғынның айтуынша, мемлекеттен асыраушысы жоқ, көп балалы ана ретінде 50 мың теңге жәрдемақы алады екен. “Алтын алқа” иегері болғаны үшін қосымша алатын 14 мың теңгесі тағы бар.

"Ай сайын қолыма тиетін 64 мың теңгемен алты баланы асырау, бағу қиынға соғып тұр. Облыс әкімі берген үш бөлмелі пәтердің коммуналдық қызметтерін де пайдалануға қорқып отырмыз. Тек түнде қонуға ғана барамыз. Мойнымызға үлкен көлемде қарыз ілініп қала ма деп те уайымдаймын. Белгісіздік жаман екен. Облыс әкімі қызыма арнайы жоддама беріп, Орынбор қаласындағы жазғы лагерьге демалып келді. Қызым қуанып қалды. Енді Астана қаласына ЭКСПО көрмесіне барады", - дейді Айгүл.

Тағы оқыңыздар: Бір пост жарты миллион теңге: Ақшаны күреп табатын отандық жұлдыздар кім? 

Айгүл облыс әкімінен алған пәтерінің жайын біржақты қылғысы келеді. Бірақ әзірге өңір басшысына кіруге мүмкіндік болмапты. Ал облыс әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева үш бөлмелі жалдамалы пәтер үшін алғашқы жарна ретінде 500 мың теңге сертификат берілгендігін айтты.

"Үш бөлмелі жалдамалы пәтерге алғашқы жарна ретінде 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Қолындағы сертификатын алып, Құрылысжинақбанкіне баруы керек. Сол жақтан банк “Қолғанат Ақтөбе” қоғамдық қорына құжат жібереді. Жалдамалы пәтерге ақша жинап, баспананы сатып алады", - дейді облыс әкімінің орынбасары

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1545484-aqtobede-uyi-sugha-ketken-kopbalaly.html