RU

Қазақтар "жұрттан қалмай" той жасау үшін қанша ақшасын шашады?

Үкілеген үміттерін арқалаған балаларының тойларын сән-салтанатымен өткізу үшін ата-ана барын салады. Өздері айтпақшы, ең бастысы «жұрттан қалмау керек». Мұның бәрі қаншаға шығады? "Ақ Жайық" соны есептеп көрді.

Шақыру қағаздары

Бағалар 100 теңгеден басталады. Жеткізіп тастау үшін курьердің қызметіне жүгінетін болсаңыз, әр мекенжайға 200 теңге төлейсіз.

Мейрамханаңыз орталықтан болсын

400 адамға арналған екі ыстық тамағы бар дастархан жаятын мейрамхана 2 миллион 500 мың теңгеге шығады. Бұған сусындар мен шараптар кірмейді. Бұл шамамен 200 000 теңгеден асып жығылады.

Қалыңдық пен күйеу жігіттің киімдері

Олар да өмірлерінде бір болатын қуанышқа сәнді киімдерін киіп шыққанды қалайды. Күйеу жігіттің киімі (костюм, туфли, галстук, белдік, шұлық) – шамамен 100 000 теңгеге шықса, қалыңдықтың киімі (көйлегі, аяқ киімі, бет әрлеуі мен шаш сәндеуі) – шамамен 300 000 теңгені қамтиды. Егер қазіргі сән бойынша бір тойдың үстінде екі көйлек кигіңіз келсе, осы соманы екі есеге көбейте салыңыз.

Лимузиндегі фотосессия

Заман дамыған сайын той салттары да өзгеріске ұшырап жатыр. Бұрынғылары тойдың алдында ата-баба рухына құран бағыштап, үйлеріне барып қымыз-шұбат ішсе, қазіргі жас жұбайлар той алдында қаланың көрікті жерлеріне барып суретке түседі. Осындай қыдыруға арналған люкс санаттағы көліктермен қыдыру сағатына 5 000-7 000 теңге тұрады. Лимузин сағатына 25 000 теңге.

Тойдың сәнін асаба келтіреді

«Әке-шеше, мен үйленем» дегеннен кейін әке-шеше үлкен қуаныштың тізгінін кімге ұстататынын ойлайды. Соңғы кездері микрофон ұстап тойға шабатын, екі сөздің басын қоса алмай, бұрынғы тойлардан көрген ойынын көрсететін асабасымақтар толып кетті. Олар ойына келген бағаны қоя салып, қуанышты іш-пысытарлық қойылымға айналдыратыны жасырын емес.

"Иә, шыны керек, қазір асабалар аса көп. Гүрілдетіп жарнамасын жасап, тойды басқара алмайтындарды көз көріп жүр. Бірақ, халық – айна, оларды алдай алмайсың. Өзімнің асабалықта жүргеніме 4 жыл болды. Тәжірибе болғасын тойларды барынша қуанышпен, есте қаларлықтай өткізуге тырысамын. Сондықтан тапсырыс берушілер жетерлік. Өзім бір той жүргізгенге 150-200 мың теңге аралығында аламын. Бірақ кейде жағдайларына қарап аз алатын кездерім де болады", - дейді салтанатты шараларды жүргізушілердің бірі.

"Бұрын даусы барлар әнші болса, қазір аузы барлардың барлығы асаба деуге болады. Мен 10 жыл бойы асабалықта жүргендіктен, көптеген асабаларды білемін. Сөздері, істері көшірілгендері бар. Оларға олай басқару асабалық емес, пародия дегім келеді. Өзім бір тойдан 100-150 мың теңге аралығында алсам, халал тойларға жеңілдік жасаймын", - дейді келесі бір асаба.

Қаламызда 200-ге жуық асаба болса, соның ішінде танымалдылары 20-ға жуығы ғана. Ең қымбат асаба – 250 000 теңге сұраса, ең арзаны 70 000 теңгені қамтиды.

Қара жорға болмаса, тойдың сәні келе ме?!

Тойыңызды ән әрлеп, халықты билететін музыканттардың да шығынын ұмытпаған жөн. Олардың қызметі – 50 000 теңге шамасында. Осы музыкаға билеп шыққан қонақтарға берілетін сыйлықты 100 000 теңгеге тағы аласыз.

Есте қалсын миллиондық қуаныш

Тойыңыз біткен соң суреттер мен видеолар ғана миллион шашылған тойыңызды еске түсіреді. Фотографтың қызметі – 250 000 теңгеден басталады. Оның ішінде тойға дейінгі фототүсірілім, тойдың суреттері, той суреттерін дискіге жазып беру, фотомонтаж, жас жұбайлардың альбомы кіреді. Ал қазіргі «new» салт бойынша жас жұбайлар туралы фильм түсіру қалыптасқан. Мұндай 10 минуттық фильм – 100 000  теңге тұрады.

Бір тойдың шығыны

Қорыта келгенде, мұнайлы астанада жұрттан қалмай той жасау 1-2 млн теңгемен шектелмейді. Мұндай біреуде болса, біреуде жоқ. Бірақ, адамдар кейде несие алады, қарызға ақша алады. Төрт сағаттық қуаныш қарызды қайтарамын деп бейнетке қалатыныңызға тұра ма? Мұны өзіңіз саралаңыз.

Фархат Әбілов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1546094-elimizde-zhurttan-qalmay-toy-zhasau-qan.html