RU

Бір үйдің бес баласын асырап алған павлодарлық ерлі-зайыпты елдің алғысына бөленді (фото)

Кенжекөл балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ағайынды Балапановтар Астана күні қарсаңында зор қуанышқа бөленді. Байқоныс ауылында тұратын бір отбасы үш ұл мен екі қызды асырап алды, деп хабарлайды Baq.kz.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Дәуеновтің айтуынша, асырап алған ерлі-зайыпты Качиры ауданының Байқоныс ауылында тұрады. Ұл мен қызды, сонымен қатар ерте жастан жетім қалған жиенді де тәрбиелеп, бауырына басқан.

«Гүлмира Қуанышқұлқызы – жергілікті мектепте мұғалім, ал жолдасы Қайыржан Әбілқасымұлы жүргізуші болып жұмыс істейді. Балалар Байқоныс мектебінде білім алады. Карина және Махаббат вокал және хореографиямен айналысқанды қалайды, Әділ домбырада ойнауды жақсы көреді. Ал Резат жанына спортты серік етсе, Дамир аспаздықтың қыр-сырын меңгеріп жүр, болашақта аспаз болғысы келеді. Қайыржан мен Гүлмира балалардың таңдауын қолдайды және оларды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға дайын», - дейді Ернұр Дәуенов.

Тағы оқыңыздар: Қазақстандағы ең беделді адамдардың күйеу балалары кімдер?

Осылайша, Павлодар өңірінде осы жылдың қаңтар айынан бастап төрт асырап алушы отбасы құрылды, онда 18 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл уақыт ішінде қамқоршылық және қорғаншылық органдары облыстың балалар үйлерінен барлығы 50 баланы отбасыларға берді.

Еске сала кетсек, жуырда Павлодар ауданы Розовка ауылының тұрғындары Тамара мен Вадим Мороз бес баланы асырап алған болатын.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлмира Байғазинованың мәліметінше, өңірде балалар үйлерін жабу немесе ірілендіру жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізілуде. Нәтижесінде соңғы жылдары 6 ұйым жабылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1546123-bir-uydinh-bes-balasyn-asyrap-alghan-pal.html