RU

Бес тіл білетін алматылық профессор "барахолкада" жалданып жұмыс істеп жүр

32 жыл отанынан жырақта өмір сүрген Ахмет Мохамад Яхья Аватты Алматыдағы Заря Восток ауданының тұрғындарының бәрі жақсы таниды. Жергілікті жұрттың бірі бұрынғы профессорды құрметтесе, енді бірі - аяйды. Себебі, ғұмырының 25 жылын ғылымға арнаған азамат өмірдің жел қайығымен жүрем деп қаңғып қалған жайы бар. NUR.KZ порталы күн сайын Алматыны жаяу аралап, жұмыс іздейтін қарт профессордың жанайқайын біліп қайтты.

Тағдырдың тәлкегі

Ахмед Мохамад Яхья Иеменнің тумасы. Қазақстанға араб елінен білім іздеп келіп, артынша үйленіп, балалы болды. Қызмет бабымен Алматыда тұрақтап қалған.

«1985 жылы Қазақстанға араб елінен 3 студент болып келдік. Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заңгер-криминалист мамандығы бойынша білім алдым. Кейін магистратураны тәмамдап, диссертация жазып, осы оқу орнында студенттерге сабақ бердім. Сол кездері үйленіп, ұлым өмірге келді. Өмірім оқу мен ізденіспен өтті десем болады. Мен 2000 жылға дейінгі Қазақстанның қылмыстық кодексін жатқа білемін. 1999 жылы тұңғышым кенеттен қайтыс болып, құсадан әйелім төркініне кетіп қалды. Осы сәттен бастап өмірім құрдымға кетті. Себебі, Йеменде азаматтық соғыс басталып, менің елге оралуыма жол жабылды. Артынша Қазақстанда уақытша жүріп-тұруға берілген визаның да мерзімі бітті. Құжатым дұрыс болмаған соң мені жұмыстан шығарып жіберді. Осылайша мен бір-ақ күнде «отаны жоқ қаңғыбасқа» айналдым»,- деп көзіне жас алды профессор.

Тағы оқыңыздар: Ресей мен Иран АҚШ-тың орынсыз килігуіне бірлесе қарсы тұрмақ

Менің бар кінәм – араб болғаным

Ахмед Яхья басындағы проблемасын айтып бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Барлығы оның арызын тыңдағанымен, ешкім құжатын қайта рәсімдеуге көмектеспепті.

«Еліме кетейін деп жергілікті полициядан бастап БҰҰ-на дейін өтініш хат жібердім. Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымының штабына екі ай бойы жұмысқа қатынағандай барып арыз жаздым. Нәтиже жоқ. Мен секілді қаншама отансыздар барып, көмек сұрады, барлығын қабылдап, көмектесті. Ал, мені табалдырығынан аттатпайды. Сондағы менің бар кінәм – араб болғаным. Себебі 2000 жылдары АҚШ-та болған үлкен лаңкестіктердің барлығына мұсылмандарды, оның ішінде арабтарды кінәлады. Міне осыдан соң мені барлық жер «уаххаб, лаңкес» деп қабылдайды. Негізінде мен мұсылман болғаныммен, бес уақыт намаз оқитын тақуа емеспін», - дейді Ахмет Яхья.

Әлем адамы

10 жыл бойы құжатсыз жүрген Ахмет Яхья Қазақстанның азаматтығын да ала алмайды. Себебі, жаңа куәлікке қол жеткізу үшін ол «өзі туған елде 10 жыл тұрды» деген анықтама әкелу керек. Ал, Ахмет Яхья соңғы 32 жыл Қазақстанда өмір сүрген.

Мен қазір «әлем адамымын». Маған Қазақстан тарапынан осындай құжат берілді. Бір сөзбен айтқанда, менде еш елдің азаматтығы жоқ, ауадағы босқынмын. Бұл құжатпен Қазақстанның барлық өңіріне және ТМД елдеріне қатынай аламын. Бірақ, туған жеріме қайта алмаймын, бұл құжатпен маған несие бермек түгілі, ешкім жұмысқа да алмайды. 

Сегіз қырлы бір сырлы араб

Ахмед Яхья күн сайын таң сәріден тұрып жақын маңдағы мекеменің барлығын жаяу аралап жұмыс іздейді. Бұрынғыдай оқытушылық немесе заңгерлік емес, әйтеуір тиын төлесе де, екі қолға бір күрек табылса деген арманы бар.

«Соңғы 10 жылда жасамаған жұмысым қалмады. Мейрамханада даяшы, швейцар да болдым. Қазір кафель қалап, сылақ та жүргізе аламын. Өмір бәріне үйретті. Бұрын қаламнан ауыр зат көтермеген мына қолдарымнан қазір жиһаз жөндеуден бастап, тас қалауға дейін біледі», - деп күледі қария.

Тағы оқыңыздар: Астана әкімі Әсет Исекешев Голливуд жұлдыздарымен кездесті

Ахмед Мохамад Яхья бес тілде (қазақ, сомали, орыс, ағылшын, йемен) еркін сөйлейді. Қазақ тілін қара жұмыста жүріп үйреніп алыпты. Негізгі мамандығы заңгер-криминалист болған профессор кезінде ең қиын деген қылмыстардың бетін ашқанын алға тартады.

Криминалдық қылмыс туралы қаншама еңбек жаздым. Қара жұмыста жүрсем де, заңды әлі күнге жақсы білем. Кейде араб тілін үйренгісі келген немесе аударма жасап бер деп өтініш айтқан студенттер келіп тұрады. «Менің білімім біреуге керек екен» деп қатты қуанып кетемін .

Жалдамалы қара жұмыскер болған профессор қазір бос жүр. Тұрақты жұмысқа тұруына құжаты, қала берді ұлты кедергі. Алматының шетінен аядай бөлмені жалдауға Йемендегі туыстары көмектесіп, аздап ақша жіберіп тұрады екен.

«Жасым болса 53-ке келді. Шағын цехтарға барып қара жұмысшы болайын деп сұрансам «кәрісің» деп қайтарады. Ешқашан жұмысқа кешігіп немесе сұранып, я болмаса өзіме қойылған тапсырманы орындамаған күнім жоқ. Менің қазіргі басты арманым – 60 мың теңге жалақы беретін тұрақты жұмыс табу. Алдағы өмірім қалай болатынын ойлағым келмейді», - дейді бұрыңғы заңгер.

Босқын профессор қазір Алматының шетінде жертөледегі аядай бөлмені 20 мың теңгеге жалдап өмір сүруде. Сабын сатып алуға қаржысы болмаса да, аядай пәтерін қара сумен тазалап, тап-тұйнақтай ұстайды.

Тағы оқыңыздар: Павлодарлықтар ЭКСПО билеттерін екі есе арзан бағаға сатып жатыр (фото)

Өзінің кім болғанын ұмытпаған ұстаз елдегі жаңалықты жібермей көріп, бос уақытында Құран аударумен айналысады. «Мен қайыршы да, бомж да емеспін. Бір тілім нанымды адал еңбекпен тауып жеймін»,- деген профессор жаны жайсаң кәсіпкерлерден жұмыс күтеді.

Ахмет Яхья Мохамад Аватқа жұмыс ұсынамын деушілер 87079872000 нөміріне хабарласуды сұраймыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1546408-bes-til-biletin-almatylyq-professor-b.html