RU

ШҚО-да аш қасқырлар шопанның машинасын шайнап тастаған (фото)

Қай кезде де өрістегі малға маза бермей жататын түз тағылары соңғы жылдары тіптен көбейіп барады деп жазады "Дидар" газеті.

Зайсан ауданының Тасбастау ауылындағы шаруа қожалығының иелері ағайынды Серік, Бақыт, Бейімбет Хамитовтар қасқырлардың әсіресе қойға қырғидай тиіп келе жатқанын айтты. Көкжалдардың жота-жотада жайылып жүрген отарға шауып, қойдың бір-екеуін тамақтап қана қоймай, кәдімгідей шетінен жусатып, қынадай қырып кеткен кездері де аз болмапты.

"Қасқырдың шыдамды, құлық-сұмдығы жетерлік аң екенін көріп келемін. Бағып-қағып жатқан малымыздың соңынан қалмай, аңдысып жүрсек те еңбегіңді еш қылып, қапысын табады. Былтыр желтоқсан айында осы Айнабұлақ телімі төңірегіндегі жазықта қаннен-қаперсіз жайылып жатқан отарға тағы да үш-төрт қасқыр қатар шапты.

Әрі-беріге ғана қыстауға барып келе жатқан бетім болатын. Үркіп, жан-жаққа бытырай қашып жүрген қойларды анадайдан көлікте келе жатып көріп қалған бойы «Ниваның» жүрісін үдетіп, айдап отырып, отарға жеттім. Қырға қарай ыта жөнелген үшеуінің соңынан «Нивамен» қуып бердім. Қолымдағы оқтаулы мылтығымның оғы шаршаңқырай бастаған соңғысының санына тиген екен. Сонда да тоқтамай бүлкілдей қашып бара жатты.

Тағы оқыңыздар: Қарағандыда жантүршігерлік жол апатынан танымал асаба көз жұмды

Нивамен қуып жетіп, тағы бір рет атуға оқтала бергенім сол еді, арлан қасқыр тұра қалып, тура көлікке қарай атылды. Сол жолы қалш-қалш етіп, қайта-қайта «Ниваға» атылған жаралы арланның азу тістері көліктің темір шанағына дейін ойып, тесіп жібергенін жерге түскен соң бірақ көрдім", - дейді қасқырлардың қайсарлығына тағы да таңғалғандығын айтқан Бақыт Хамитов.

Даланың ит құсы ұсақ малға ғана емес, жылқыларға да тыныштық бермейтін көрінеді. Бақыттың айтуынша, жылқышының да аңдысатын қас жауы қасқыр. Бақыттың қандай ызғарлы суықта, тас қараңғы түнде аттан түспей, жылқымен бірге тебіндеп, далада түнеген шақтары да көп екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1546540-shqo-da-ash-qasqyrlar-shopannynh-mashinasy.html