RU

Стюардессаның дөрекі қылығы SCAT жолаушысының ашуына тиді (видео)

Алматылық Санжар Мейрембеков 2 шілдеде Алматы-Шымкент бағытындағы «SCAT» әуекомпаниясы ұшағының бортында өзі куә болған оқиғамен бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ.

Жағымсыз жағдай туралы ол Facebook парақшасында жазды

Оның айтуынша, ол бортта ауа жоқ екенін бірден сезген, кондиционер қосылмаған, ұшақтың ішінде өте ыстық болған.   

Жолаушының сөзіне сүйенсек, оның көршісіне демалу қиынға соққандықтан, стюардессадан кондицонерді қосуды өтінген.

«Стюардесса көршімнің сөзіне қызық жауап қатты. "Шыдаңдар, біз де терлеп жүрміз!", - деген жауап естідік. Стюардесса сол арада жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпай отырғанын көріп, ескерту жасады. Сөйтіп ол екеуі сөзге келіп қалды. Өз айтқанынан қайтпаған бортсерік ақырында жолаушыны көндіріп тынды. Алайда кондиционер сол беті қосылмады", - деп баяндайды болған жайды Санжар Мейрембеков. 

Тағы оқыңыздар: Қостанайда серуендеуге шыққан сегіз жасар балақай жоғалып кетті (фото)

Сондықтан алматылық азамат бар жағдайды телефон камерасына түсіре бастапты. Бұл қылық бортсеріктерге жақпаған көрінеді. Олар Санжар есімді жолаушыдан түсірген видеоны өшіруді талап етіп, қорқыта бастаған.

Бар жағдайды айтып берген жігіт әуекомпанияның өкілдерінен осындай келеңсіздіктерге неліктен жолаушыларды шыдап отыруға итермелейтінін сұрады.  Сондай-ақ ол бортсеріктердің әрекетіне шағымданды.

Бұл жайтқа қатысты әуекомпания өкілдері пікір білдірді, деп жазады Tengrinews.kz.

«Әуекомпания ұшағының бірінде көмекші күш беретін құрылғы істен шыққан. Бұл рейстің сапарға аттануына кедергі емес, алайда мұндай жағдайда командир негізгі қозғалтқыштарды іске қоспайынша, салонда кондиционерді қосуға мүмкіндік жоқ", - дейді SCAT өкілі.

Аталған құрылғыға тапсырыс берілген екен, Қазақстанға келген бойда оны ұшаққа бірден орнататыны белгілі болды.

Әуекомпания барлық жолаушыдан кешірім сұрады. Ал дөрекілік танытқан қызметкерлерге қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1546930-styuardessanynh-doreki-qylyghy-scat-zholaushy.html