RU

"Бәйтерекке" кіру үшін жұрт тағы да сағаттап кезекке тұрды (фото)

Жаңа «Бәйтеректі» тамашалағысы келетін елордалықтар, EXPO-2017 көрмесі мен Астана күніне келген қонақтар күннің ыстығына қарамастан монументке кіру үшін сағаттап кезекте тұр деп жазады Baq.kz.

Меймандардың ұзын-сонар кезек күтуіне бар жағдай жасалған ба? Baq.kz осы жайлы келушілердің өзінен сұрап көрді.

Тағы оқыңыздар: Астанада бір сәтте 38 жұп некесін қиды (фото)

Орал қаласынан отбасымен демалуға келген Есенжол Махметов Астанадағы саяхатын кеше EXPO-2017 көрмесінен бастағанын айтты. Көрмеде барлығы көңілден шықты дейді мейман.

«Ал бүгін енді Бәйтерекке келіп, кезекте тұрған жайымыз бар. Негізі бұл елордаға алғаш келуім. Елордаға келіп, демалған соң Астананың басты символы – Бәйтерекке кіріп шығуды көздеп отырмыз. Кезекте тұрғанымызға екі сағаттай болып қалды. Жақындап қалдық, не де болса кіреміз енді», - дейді Есенжол Махметов.

Ал өзі Алматыдан, балалары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласынан келген Айгүл Иманбаева кезекте тұруға қолайлы жағдай жасалмаған дейді.

«Біз бұнда 7 айлық кішкентай шақалақпен келдік. Үш сағат болды тұрғанымызға. Бұл Лениннің музейіне тұрғаннан бетер болды. Ішіндегі адамдар қанша уақыт жүреді? 15-ақ адам ішінде бір сағат жүреді ме? Кезекті қараңызшы. Мен егде жастағы адаммын, аяғым ауырады. Отыратын орындықтар аз. Кеше де осындай кезек деп естіп, бүгін ерте келіп билет алдық. Соның өзінде осылай болып тұр», - деді Иманбаева.

Ал «Бәйтерекке» бірнеше күннен бері кіре алмай жүрген алматылық Жәбихан Үкібаева бүгін де жақындарымен бірге кезекке тұрыпты.

Тағы оқыңыздар: Қостанайда серуендеуге шыққан сегіз жасар балақай жоғалып кетті (фото)

«Бүгін тағы келдік. Осыдан екі күн бұрын келгенде кезек бұдан да көп болды. Содан кіре алмай кетіп қалдық. «Бәйтеректің» ішіне бір кіріп көру – арманымыз. Әсіресе, 4 жастағы немерем көргісі келеді. Негізі бұрынғы «Бәйтеректі» көрген едім, енді жөндеуден кейінгі монументті көру арман», - дейді Жәбихан Үкібаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1546958-bayterekke-kiru-ushin-zhurt-taghy-da-sa.html